Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 25 Сәуір 2024

Гүл сатушының әңгімесі: Идеяңды қоқысқа айналдырма

гүл

Бүгінгі таңда өз күшімен кәсіп бастап, оны дөңгелетіп, жақсы табысқа кенеліп жүрген жастар аз емес.

Өздерінің идеяларын жүзеге асырып, ойдан іске көшуде асқан ұтқырлық танытатын кәсіпкерлердің қатары артуда. Нарықтағы бос сегменттерді мүмкіндік ретінде көріп, аздан көпке құлаш сермеп жүрген жандар сол ісінің жемісін көріп, тәжірибелерімен бөлісіп те тұрады. Сондай бизнес иелерінің бірі Диана Төребек өз жолы туралы айтып берді. Аудан орталығынан гүлдер дүкенін ашқан нәзік жанды бүгінде табысты кәсіпкер. Кейіпкеріміздің әңгімесін өз сөзімен беруді жөн көрдік:

«2018 жылы қолда бар 500 мың теңгемен кәсіп бастадық. Идеяны өзімнің қайын ағам мен абысыным айтты. Жаңатас қаласы шағын болғандықтан, мұнда гүл сататын дүкендер мен флористика аса қатты дамымаған еді. Той-томалақта, туған күндерде, тағы басқа мерекелерде әдемі, қолжетімді, ауқымды гүл дүкенінің жоқтығы білінетін. Сонымен жұбайым екеуміз біраз ойландық, бизнестің перспективасын талқылап, ақыры іске кірісіп кеттік. Отбасылық кәсіп болғандықтан ер азаматымның қолдауы мен үшін үлкен мотивация болды.

«Жаңатас Гүлдер» дүкеніміздің ашылуы да, дамуы да толықтай жеке өзіміздің қаражатымызға жасалған. Алғашқыда дүкен орнын жалдап алдық. Кейіннен өзіміздің жеке орнымызды алып, сонда көштік. Әуелде белгілі бір деңгейдегі қиындықтар кездессе де, бүгінде қаламызға, алыс-жақын елді мекендерге танымал брендпіз деуге де болады. Осы тұста айтарым, келген клиентті күліп қарсы алып, сөйлесіп, қалауын анықтап, шын ниетпен жұмыс істеу керек. Ал жай ғана «иә» немесе «жоқ» деп отырсаң көгермейсің, көпке бармайсың.

Бүгінде негізінен голландиялық раушандар сұранысқа ие. Бұл бізге Эквадордан келеді. Авиажолдан келген соң арнайы тасымал көлігімен дүкенімізге жетеді. Барлық гүлдерді салқын суда, салқын бөлмеде сақтаймыз. Күнделікті күтім жасаймыз. Олай болмаған жағдайда, гүлдер ұзаққа шыдамайды. Орта есеппен 10 мың теңгеге жақсы букет ала аласыз.

Жарнаманы әлеуметтік желілер арқылы жасаймыз. Жаңа бейнежазбалар, жаңа форматтар қолдануда барынша креативке жүгінеміз. Қаралымы көп деген аккаунттарға жарнама береміз. Осылайша, сатылымның 50-60 пайызы инстаграм арқылы келеді.

Өз ісіңді бастау, жүргізіп, дөңгелетіп әкету, нарыққа кіріп, клиенттік база қалыптастыру оңай шаруа емес. Өнімдеріңді сапалы етіп жасай алумен қатар оны сата алу өнері де маңызды. Өзім ең әуелі флористиканы меңгерумен айналыстым. Өз бетімше ізденіп, білім алып, фотоларға қарап букеттер құрастыра бастадым. Қиялды ізденіс арттырса, сапаны тәжірибе арттырады. Трендте не бар, жаңа не шықты, бәрін бақылап отырып жасайтынмын, байқап көретінмін. Арада қанша жылдар өтсе де, ізденісті бүгінге дейін тоқтатқан жоқпын. Бұл жетістікке жетемін, кәсіп жасаймын деген әрбір адам үшін маңызды, керекті қабілет-қасиет дер едім. Себебі трендтер мен тенденциялар күнде жаңаратын, бүгінгі нәрсе ертең-ақ жедел ескіріп қалатын кезеңде «мен білемін, болдым, толдым, астым, жеттім» деу үлкен тоқырауға әкеліп соқтырады.

Кәсіпкер ретінде өсемін деген адам өз саласында ғана емес, бизнес пен менеджментте, маркетингте де біліктілігін арттырып отырғаны дұрыс. Одан бөлек, тұлғалық дамуға да, адам ретіндегі мүмкіндігіңді ашуға да мән берген жөн. Осы тұрғыда алып қарасақ, әртүрлі ізденістерге миллиондаған қаржы жұмсаппын. Міне, осындай шынайы ұмтылыс, ниет адамның ішкі мызғымас тірегін қалыптастырып, өзіңе деген сенімділікті арттырады. Ал егер ішкі тірегің әлсіз, өзіңе деген сенімің жоқ болса, сенен шыққан жұмыс та, сен жасаған кәсіп те ұзаққа бармайды. Сондықтан айналада не болып жатса да себебін алдымен өзіңнен іздеу қажет.

Білім жинап, өзіңмен жұмыс істеген соң тәуекелшілдікке үйрену керек. Егер «сен тимесең мен тимеймін» деп отыра берсек, алға жылу, ілгерілеу, өсу болмайды. Ұзақ ойланбай, нақтылыққа көшкен жақсы деп есептеймін. Себебі ойлана берген сайын жаңа идея ескіреді, оның саған беретін стимулы кеми береді, энтузиазм өшеді. Бірегей идея мидың қуысындағы бір қоқысқа айналмау үшін дереу, дер кезінде әрекет етуге дағдылану керек.

Дәл қазір флористика бойынша біліктілігімді арттыру үстіндемін. Оған қоса, нарықты зерттеу бойынша да ізденістер мен жаңа талпыныстар баршылық. Себебі, кәсібімізді одан әрі үлкейіп, әр қаладан ашылуды мақсат етіп отырмыз. Қазіргі таңда көршілес Талас ауданынының орталығында жаңа дүкеніміз ашылды. Тоқтамай желілес дүкендерімізді көбейтеміз деген жоспарымыз бар, осыған қарай қадамдар жасалып жатыр».

Балауса Ділдәбек

Тегтер: