Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:37, 12 Қаңтар 2024

Халық орындалмаған армандарын айтады

Бейбіт Қойшыбаев
Фото:

Бейбіт Қойшыбаев, жазушы

Қос жазушының сұхбатынан хабарым бар. Онда көптеген проблема сөз болыпты. Арасында маңызды мәселелер де жоқ емес. Қоғамның сол сұхбаттағы дін, жер дауы сияқты бұрыннан айтылып жүрген әңгімені талқылап жатқаны рас. Бірақ солай болатын да жөні бар, біздің азаматтарға сол маңызды шығар деп ойлаймын. Халық орындалмаған армандарын айтады ғой.

Мысалы, жер мәселесін неге айтады, өйткені жер дауы әлі шешілген жоқ. Жер сату деген мүлде қате. Кеңес одағы кезінде жер сатылмайтын, патша үкіметі кезінде жер сатуға Алаш арыстары қарсы шықты. Жер – мемлекеттікі, оны сатуға болмайды. Азаматтарымыз жер сату дегенді кім шығарып жүргенін білгісі келеді. Бұны ойлап тапқан адам елге өте зиянкес адам екені анық. Жер дауы шыққанда жоғары жақтан бұйрық түсіп, оған қарсы ешкімге пікір айтқызбай қойды, тыйым салды. Бұл жайлы мен де мақала жазғанмын, бәрі есімде. Жоғары жақта біреу реттеп, бұйрық беріп отырды, қайткен күнде де жер сату жайлы заңды мақұлдатып алуға күш салды. Кейін жер сатуға мораторий жарияланды. Мораторий деген идеядан толық бас тарту емес. Халық мұны дұрыс түсінген жоқ, кейін бұл мәселеге қайта ораламыз деп отыр. Бірақ уақыт өткізіп, ұмыттырып жіберіп, қайта көтергелі отыр. Бұлар жер сатуға неге құмартты, оның соңы не болады? Халық талқыласа, осының түбіне жету мақсатында талқылағаны жөн. Биліктен шын мәнінде әділ, жаңа Қазақстан құруды талап етсін.

Жер сату идеясын жай адам емес, билікте күші бар адам ойлап тапты. Өйткені сол кезде қоғамның қарсы пікір айтуына жоғары жақтан үлкен кедергі болғаны рас. Кейін халық көтерілген соң ғана амалсыз мораторий деп алдап құтылды. Шын талқыласа, осы мәселені соңына дейін жеткізіп, жер сатуға кім құмартқанын анықтасын. Ал ғылым-білімді, технологияны талқыламайды деген сөздің де жаны бар. Бірақ біз айтып отырған жер мәселесі де өте өзекті, бұны да ұмыт қалдыруға болмайды. Халық қайта айналып, жер мәселесін айта береді деп кінә артуға болмайды.

Қазақ қоғамы көп қаузайтын тағы бір тақырып – дін мәселесі. Мұхтар Мағауин сұхбатында «дін – апиын» деген сөз айтқан екен, мұны кезінде Ленин де айтқан. Бірақ Мағауин «апиынды аз тұтынса ем, көп тұтынса зиян» дегенді қосты. Халық осы сөзге мән бермей, «дін – апиын» деген бір ауыз сөзді талқылап жатыр. Дін шектен асып кетсе, апиынға айналатыны рас. Сол үшін халықтың діни сауатын көтеру керек. Діни ағымдарды жастарға мектеп жасынан бастап түсіндірген жөн. Сонда ғана нағыз зайырлы азамат тәрбиелеп шығарамыз. Шынын айтқанда, осы қолымыздан келмей отыр. Тәуелсіздік алған бетте дінге есік айқара ашылды, сол кезде түрлі діни ағымдар ағылып кіріп алды. Бұл да биліктің дұрыс саясат ұстанбағанынан болды. Сол кезден бастап балаларға зайырлы тәрбие беру керек еді. Сонда қазіргідей дау-дамай болмас еді. Қазір жаппай мешіт салып жатырмыз, мұны тоқтату керек демеймін, бірақ сонымен бірге ауылдарда мектеп, мәдениет үйлері, спорт кешендерін салу керек. Өкініштісі, қазір бұл да ақсап тұр.

Қоғам неге дін мен тілді, өнбейтін өзге дау-дамайды талқылайды дейміз, қоғамда дәл осы мәселелер қордаланып тұрса, халық соны айтпай қайтеді. Халық ендігі кезекте бірігіп, мемлекеттік құрылысты өзгертуді талап еткені жөн. Көптен бері айтылып жүрген парламенттік республика жүйесіне көшу бізге тиімді болар еді. Шын мәнінде парламенттік республика орнаса, елдегі үлкен жетістік болады. Сонда ғана бәрі оңалады деп ойлаймын. Парламенттік республика құруға дайындауды президент өзі ғана шеше алады. Егер ол кісі осыны терең ойластырып, біртіндеп көшуді жүзеге асырса – бұл халықты шын билікке қол жеткізіп, риза ететін тарихи оқиға болар еді.