Хамас Тель-Авивке зымыран оқ жаудырды
Хамас тобы Тель-Авивке қарай екі зымыран атқылады. Бұл мамыр айының соңынан бері қалаға жасалған алғашқы шабуыл.
Алайда снарядтар мақсатына жете алмады. Израильдік ақпарат көздері бір зымыранның теңізге құлағанын, екіншісінің шекарадан өте алмай Газа секторына түскенін хабарлады.
Зымырандардың Газа секторының оңтүстігінен ұшырылғаны хабарланды. Бұған дейін Израиль әскерилері аймақта жаңа операция болатынын жариялап, олардың нысанасы Израиль қалаларын атқылауға жауапты содырлар екенін айтқан. Хан-Юнис қаласы артиллериялық және әуе соққыларына ұшырап, халық пен босқындарды көшіруге бұйрық берілді.
Ал, халықаралық дипломаттар атысты тоқтатуға қол жеткізу үмітін үзген жоқ: келіссөздердің жаңа кезеңінің басталуы бейсенбіге жоспарланған. Израильдік БАҚ өз көздеріне сілтеме жасап, келісімге қол жеткізілсе, Иран Израильге уәде еткен соққылардан бас тартуы мүмкін деп хабарлады.