Әлеумет

Иаков Воронцов психиатриялық мекемеге жіберілгені хабарланды

Қылмыстық қудалауға іліккен дін қызметкері Иаков Воронцов адвокаттарының шағымына қарамастан Алматы облысындағы Ақтас кентіндегі психиатриялық мекемеге жіберілгені хабарланды. Бұл туралы Қазақстан халықаралық адам құқықтары бюросы мәлімдеді.

Иаков Воронцов

«Бізге белгілі болғандай, адвокаттардың шағымы қаралмай тұрып-ақ Воронцов Ақтастағы психиатриялық мекемеге ауыстырылған. Адам құқықтары бюросының пікірінше, қолданыстағы заңнаманың бірнеше бабы бұзылған. Себебі адамды мұндай мекемеге орналастыру үшін екі шарт қажет: біріншісі – психикалық ауруының нақты анықталуы, екіншісі – өзіне немесе айналасындағыларға қауіп төндіруі. Сараптама қорытындысында диагноздар күмәнді деп көрсетілген, ал Иаков Воронцовтың қауіп төндіретіні туралы ешқандай дерек болмаған», – делінген бюро хабарламасында.

Ұйым мәліметінше, тергеушінің өтініші Воронцов пен оның адвокаттарының қатысуынсыз қаралған. Сонымен қатар апелляциялық шағым шешілмей тұрып орындалған.

Воронцовтың адвокаты Ғалым Нұрпейісов те оның психиатриялық мекемеге жіберілгенін растады. Қазір қорғау тарабы прокуратураға шағым дайындап жатыр.

Бұған дейін Қазақстан халықаралық адам құқықтары бюросы соттың Воронцовты психдиспансерге жіберу туралы шешімін сынап, билік әрекетін айыптаған еді.

Ақтас кентіндегі республикалық мамандандырылған психиатриялық аурухана – мәжбүрлі ем жүргізетін Қазақстандағы ең ірі мекемелердің бірі.

Еске салсақ, ақпан айында РПЦ-дан тәуелсіз православ шіркеуін құруға әрекет жасаған бұрынғы дін қызметкері Иаков Воронцов екі айға қамауға алынған болатын.

Оған Қылмыстық кодекстің 302-бабы («есірткі қолдану үшін притон ұйымдастыру немесе ұстау») және 296-бабы («өткізу мақсатынсыз есірткіні заңсыз сақтау») бойынша айып тағылған.

Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, мұның бәрін Қазақстанда РПЦ-дан тәуелсіз православ шіркеуін құру әрекетімен байланыстырады. Оның айтуынша, есірткі айыбы қолдан жасалған.

Бұған дейін ол экстремизм бойынша қозғалған істің тоқтатылғанын айтқан. Сонымен қатар Алматы әділет департаментін діни бірлестікті тіркеуден заңсыз бас тартты деп сотқа берген.

Иаков Воронцов Қазақстан қоғамындағы өзекті мәселелер бойынша ашық сыни пікірлерімен танылған. 2023 жылы ол діни қызметін тоқтататынын мәлімдеген.

2026 жылғы 9 наурызда АҚШ-тың халықаралық діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Воронцовты сенімі үшін қудаланған адамдар тізіміне енгізген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз