Қоғам

Индустрия 360: болашақ өндірісінің бағыты қандай?

Әлемдік экономика жаңа индустриялық кезеңге аяқ басқан сайын мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі өндірістің технологиялық деңгейімен, инновацияны игеру қарқынымен айқындалмақ.

Индустрия

Соңғы жылдары әлемнің жетекші экономикалары өнеркәсіптік саясатты қайта қарап, өндірісті цифрландыруға, жасанды интеллектіні енгізуге, ғылыми зерттеулерді нақты өндіріспен ұштастыруға және өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға басымдық бермек. Германияның Industry 4.0 тұжырымдамасы, Қытайдың «Made in China 2025» стратегиясы, Оңтүстік Кореяның жоғары технологиялық өндірістерді дамыту бағдарламалары, сондай-ақ Еуропалық одақтың жасыл индустрияға көшу жөніндегі бастамалары қазіргі заманғы өнеркәсіптік саясаттың негізгі бағытын айқындап отыр. Мұндай жағдайда Қазақстан үшін де экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділікті төмендету, ғылым мен өндірісті ұштастыру, инновациялық кәсіпорындарды көбейту және халықаралық өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту стратегиялық міндеттердің біріне айналып келеді. Осы тұрғыдан алғанда Екатеринбург қаласында өткен XVI «ИННОПРОМ» халықаралық өнеркәсіп көрмесі елдің жаңа индустриялық даму бағытын таныстыратын маңызды халықаралық алаң болды.

Премьер-министр О.Бектенов Екатеринбург қаласында өткен XVI «ИННОПРОМ» халықаралық өнеркәсіп көрмесінің «Индустрия 360: шекарасыз өндіріс» атты пленарлық сессиясына қатысты. Аталған халықаралық форум бүгінде Еуразия кеңістігіндегі ең ірі өнеркәсіптік алаңдардың бірі саналады. Ол мемлекеттер арасындағы технологиялық серіктестікті нығайтуға, инвестициялық жобаларды дамытуға, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге және жаңа технологияларды өндіріске енгізуге мүмкіндік береді. Биылғы көрмеге әлемнің көптеген елдерінің үкіметтері, өнеркәсіптік компаниялары мен технологиялық ұйымдары қатысып, өндірістегі жаңа үрдістер мен инновациялық шешімдерді ортаға салды. Іс-шараға Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан премьер-министрі Адылбек Қасымәлиев, сондай-ақ Индонезия, Иран, Түрікменстан, Мьянма, Сейшель аралдары, Тәжікстан, Өзбекстан, БАӘ, Вьетнам және Венесуэла үкіметтерінің өкілдері қатысты. Мұндай кең географиялық құрам халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастықтың жаңа кезеңге өткенін және елдердің өндіріс саласындағы әріптестікті кеңейтуге ерекше мән беріп отырғанын көрсетеді. Қазіргі жаһандық жағдайда өндірістік тізбектердің қайта құрылуы, жеткізу бағыттарының өзгеруі және технологиялық тәуелсіздікке ұмтылу мемлекеттерді жаңа өнеркәсіптік байланыстар орнатуға жол бастап отыр.

Премьер-министр өз сөзінде президент басшылығымен еліміздің сапалы дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет жүргізіп отырған реформалар елдің экономикалық жаңғыруын қамтамасыз етуге бағытталған.

«Жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституция ауқымды саяси және институционалдық реформаларды нығайта түсті. Біз барлық елдермен ашықтық пен сындарлы әріптестікке негізделген Әділетті әрі Озық Қазақстанды дамыту бағытын дәйекті түрде жалғастырып келеміз. Адами капиталды, ғылым мен инновацияны дамыту — мемлекет қызметінің негізгі қағидаттары. Мұндай тәсіл инвесторлардың сенімін нығайтуға, экономиканы жаңғыртуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге қолайлы жағдай жасайды», – деді Олжас Бектенов.

Бүгінде халықаралық сарапшылар да ұзақ мерзімді экономикалық өсімнің негізгі көзі ретінде дәл осы адами капиталдың сапасын, ғылыми әлеуетті және инновациялық экожүйені атайды. Өйткені қазіргі заманғы өндірісте қосылған құн инженерлік шешімдерден, цифрлық технологиялардан, ғылыми зерттеулерден және жоғары білікті мамандардың еңбегінен қалыптасады. Сондықтан көптеген мемлекеттер өндіріс орындарының технологиялық деңгейін көтеруге күш салмақ. Себебі әлемдік тәжірибе көрсеткендей, табиғи ресурстарды бастапқы күйінде экспорттайтын мемлекеттерге қарағанда, сол шикізатты өз ішінде өңдеп, жоғары технологиялық өнім өндіретін елдердің экономикалық тиімділігі әлдеқайда жоғары болады. Мәселен, Финляндия, Жапония немесе Оңтүстік Корея секілді мемлекеттер ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге және технологиялық өндірістерді дамытуға сүйене отырып, әлемдік өнеркәсіп көшбасшыларының қатарына қосылды. Бұл тәжірибе Қазақстан үшін де ерекше маңызды. Осы мақсатта инвесторларға мемлекеттік қолдау шаралары, салықтық және кедендік жеңілдіктер, Altyn Visa арнайы визалық режимі және «бір терезе» қағидаты бойынша жобаларды сүйемелдеу мүмкіндігі ұсынылады. Мұндай құралдар инвестициялық ахуалды жақсартып қана қоймай, халықаралық компаниялардың Қазақстан нарығына келуіне қолайлы жағдай қалыптастырады. Әлемдік тәжірибеде Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері, Ирландия және Польша секілді мемлекеттер дәл осындай жеңілдетілген әкімшілік рәсімдер арқылы ірі халықаралық инвесторларды тартып, жаңа өндіріс орындарын қалыптастырғаны белгілі. Қазақстан да осындай тиімді тетіктерді енгізу арқылы өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін күшейтуді көздейді.

Еліміздегі оң өзгерістер нақты статистикалық көрсеткіштерден де байқалады. Өңдеу өнеркәсібінде цифрлық құралдарды қолданатын кәсіпорындардың үлесі 2022 жылғы 13%-дан 2025 жылы 21%-ға дейін артты. Сонымен қатар өнеркәсіптік интернет заттарын пайдаланатын өндірістер саны 7 мыңға жетті. Бұл көрсеткіштер цифрлық трансформацияның ел өнеркәсібінде кезең-кезеңімен орнығып келе жатқанын аңғартады. Сарапшылардың бағалауынша, өнеркәсіптік интернет, жасанды интеллект, үлкен деректерді талдау және роботтандыру алдағы жылдары өндірістің негізгі қозғаушы күшіне айналады. Көрме аясында делегация басшылары машина жасау, металлургия, өнеркәсіптік жабдықтар, инновациялық өндіріс және заманауи технологиялар саласындағы соңғы әзірлемелермен танысты.

Қазақстандық павильонда Qarmet, Қазақмыс, Alageum Electric, KamLitKZ, Tengry Tyres, Orda Glass, Silk Road Electronics, BTS ERG және басқа да отандық компаниялардың жобалары ұсынылды. Бұл кәсіпорындардың қатысуы Қазақстан өнеркәсібінің түрлі бағыттар бойынша дамып келе жатқанын көрсетеді. Павильонда металлургиядан бастап электроникаға, автомобиль өнеркәсібінен бастап шыны өндірісіне дейінгі кең ауқымды технологиялық шешімдер таныстырылып, отандық кәсіпорындардың халықаралық нарықтағы әлеуеті көрсетілді. Сонымен қатар өнеркәсіптік жасанды интеллект, микроэлектроника және технологиялық білім беру бағытындағы шешімдер көпшілік назарына ұсынылды. Бүгінде әлемдік өнеркәсіптің жаңа кезеңі дәл осы үш бағытпен тығыз байланысты. Өйткені жасанды интеллект өндірістік процестерді автоматтандыруға мүмкіндік берсе, микроэлектроника барлық цифрлық құрылғылардың негізін құрайды, ал технологиялық білім беру жаңа буын инженерлерін даярлаудың басты факторы саналады. Сондықтан Қазақстанның бұл бағыттарға ерекше көңіл бөлуі жаһандық индустриялық үрдістермен толық үндеседі.

Айта кетейік, Қазақстанда құны 100 млн еуродан асатын сутегі өндіру жобасы салынбақ. Бүгінде жасыл сутегі әлемдік энергетиканың ең перспективалы бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр. Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея және Австралия секілді мемлекеттер көміртегі шығарындыларын азайту мақсатында сутегі энергетикасына миллиардтаған инвестиция бағыттап жатыр.

А.Ерболова

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз