Әлеумет

Интернет-алаяқтықтан зардап шеккендерге 4,8 млрд теңге қайтарылды

Қазақстанда интернет-алаяқтыққа қарсы күрес күшейтіліп, жыл басынан бері мұндай қылмыстардың саны 7 пайызға төмендеді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.

Киберқылмыс

Ведомствоның дерегінше, қазіргі уақытта кибералаяқтық ең кең таралған қылмыс түрлерінің бірі болып отыр. Қаскөйлер заманауи технологияларды, психологиялық қысым тәсілдерін пайдаланып, азаматтардың қаражатын заңсыз иемденуге тырысады.

ІІМ мәліметінше, биыл интернет-алаяқтық қылмыстарын ашу көрсеткіші жақсарған. Нәтижесінде жәбірленушілерге 4,8 миллиард теңге қайтарылып, Ұлттық банкпен бірлескен жұмыс аясында тағы 2,6 миллиард теңгенің заңсыз аударылуына жол берілмеген. Сонымен қатар алдын алу шаралары да күшейтілген. Байланыс операторларымен бірлесіп 150 миллионнан астам алаяқтық қоңырау бұғатталған. Ал шетелдік әріптестермен жүргізілген операциялар барысында халықаралық алаяқтық call-орталықтардың қызметі тоқтатылып, қазақстандықтардың ақшасын жымқырған ондаған адам ұсталған. Сондай-ақ азаматтардың жеке деректерін заңсыз таратқан интернет-ресурстың қызметі әшкереленіп, оған қатысы бар күдіктілер қолға түскен.

ІІМ азаматтарды сақ болуға шақырып, белгісіз адамдарға SMS-кодтарды, банк картасының деректерін бермеуге және олардың айтуымен ешқандай қосымша орнатпауға кеңес берді.

Егер күмәнді қоңырау түссе, әңгімені дереу тоқтатып, ұйымның ресми байланыс нөміріне өзіңіз хабарласу қажет екенін ескертті.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз