Иран БАӘ мен Иорданиядағы америкалық нысандарға шабуыл жасағанын мәлімдеді
АҚШ-тың бір айдан кейін Иранға алғаш рет соққы жасауынан соң Тегеран жауап ретінде Біріккен Араб Әмірліктері мен Иорданиядағы америкалық нысандарға шабуыл жасалғанын хабарлады.
Иран мемлекеттік телеарнасының 31 тамыздағы мәліметінше, ондаған дрон БАӘ-дегі Әл-Минхад базасында орналасқан «америкалық тікұшақтар мен әскери қызметкерлерді» нысанаға алған.
БАӘ шабуыл болғанын жоққа шығарды
Алайда Біріккен Араб Әмірліктерінің Қорғаныс министрлігі Әл-Минхад авиабазасына Иран шабуыл жасады деген ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Иордания аумағындағы АҚШ-тың екі әскери базасына зымыранмен соққы жасағанын хабарлаған.
Иран тарапының мәліметінше, техникалық инфрақұрылым нысандары, қызмет көрсету пункттері және жойғыш ұшақтар орналасқан позициялар нысанаға алынған.
Ал Иордания армиясы елдің әуе кеңістігін бұзған сегіз зымыранды атып түсіргенін мәлімдеді.
Сонымен қатар Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Ормуз бұғазында мұнай танкерінің өртенгенін хабарлады. Тегеранның нұсқасы бойынша, танкер «заңсыз» бағытпен бұғаздан өтпек болған кезде екі теңіз минасына соғылып, кейін өртке оранған.
АҚШ Иранның зымыран қондырғыларына соққы жасады
Бір күн бұрын АҚШ Қарулы күштері Ормуз бұғазындағы Ларек аралында орналасқан Иранның екі зымыран қондырғысына соққы жасаған еді. Бұл АҚШ-тың шілде айының соңынан бері Иранға жасаған алғашқы шабуылы болды.
АҚШ Орталық қолбасшылығының мәліметінше, Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы теңіз миналарын жеткізетін зымырандарды Ормуз бұғазына қарай ұшыруға дайындалған.
Өткен аптада америкалық әскерилер Ормуз бұғазы арқылы өтетін сауда жолдарын минадан тазарту жұмыстарын аяқтаған. АҚШ президенті Дональд Трамп мина тастайтын кез келген кеме немесе өзге жүзу құралы «дереу әрі жүйелі түрде жойылатынын» ескерткен.
Келіссөздерде ілгерілеу жоқ
АҚШ шілде айының соңынан бері Иранға соққы жасамаған еді. Дональд Трамп мұны Тегеранмен Ормуз бұғазының болашағы, санкциялар және Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздерді жалғастыру ниетімен түсіндірген.
Алайда тараптар арасында айтарлықтай ілгерілеу болмаған соң Трамп Иранға қарсы «экономикалық соғыс» жариялады. АҚШ Қаржы министрлігі бірқатар компаниялар мен жеке тұлғаларға санкция енгізгенімен, Тегеранның негізгі табыс көздерін шектейтін ауқымды шаралар әзірге қабылданған жоқ.
Ормуз бұғазы әлемдік мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Қазір оны бақылауға Иран да, АҚШ та таласып отыр.