Live

Иран билігі Әли Хаменеиді жерлеу рәсімінің күнін белгіледі

Иранның бұрынғы жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеиді жерлеу рәсімі 9 шілдеде оның туған қаласы Мешхедте өтеді. Бұл туралы мемлекеттік IRIB телерадиокомпаниясы хабарлады.

Хаменеи

Қоштасу рәсімдері 4-6 шілде аралығында Тегеранда, 7 шілдеде Құм қаласында өтеді. Ал жерлеу рәсімі 9 шілдеде Иранның солтүстік-шығысындағы Мешхедте ұйымдастырылады.

Айта кетейік,  Құм – шиит мұсылмандары үшін қасиетті саналатын, Иранның діни астанасы атанған қала. Ол Тегераннан оңтүстікке қарай шамамен 140 шақырым жерде орналасқан. The Times басылымының мәліметінше, сәуір айында Құмда ауқымды кесене салудың іргетасы қаланған.

Бастапқыда жерлеу рәсімі наурыз айына жоспарланған болатын. Алайда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысына байланысты кейінге шегерілді.

Еске салайық, аятолла Әли Хаменеи АҚШ пен Израиль арасындағы соғыстың алғашқы күні – 28 ақпанда қаза тапты. Онымен бірге қызы, немересі, келіні және күйеу баласы да көз жұмған.

9 наурызда Иранның Басшылық кеңесі (Сарапшылар кеңесі) Моджтаба Хаменеиді Ислам Республикасының жаңа жоғарғы көшбасшысы етіп жариялады.

8 сәуірде аятолланың қайтыс болғанына 40 күн толып, шииттік ислам дәстүріндегі аза тұту мерзімі аяқталған еді.

Сонымен қатар Иран билігі сенбі күні АҚШ-пен жақын күндері бейбіт реттеу жөніндегі негіздемелік келісімге қол қоюы мүмкін екенін мәлімдеді. Дегенмен Тегеран пәкістандық делдалдың «келісім алдағы 24 сағат ішінде жасалады» деген мәлімдемесін жоққа шығарды.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, жұма күні АҚШ пен Иран үш айға созылған соғысты тоқтату жөніндегі келісімнің аяқталуға жақын екенін растаған. АҚШ әкімшілігінің өкілі тараптардың келісім мәтінін мақұлдағанын және алдын ала құжатқа жақын күндері қол қойылатынын мәлімдеген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз