Әлеумет

Иран Ормуз бұғазын барлық сауда кемелері үшін ашқанын жариялады

Иран билігі Ормуз бұғазын барлық коммерциялық кемелер үшін ашқанын мәлімдеді. Кемелер алдын ала келісілген бағыттар бойынша қозғала алатыны атап өтілді. Осы жаңалықтан кейін мұнай бағасы бір баррель үшін 90 долларға дейін төмендеді.

Ормуз

Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мәлімдеді. Оның айтуынша, Ливандағы атысты тоқтату келісімі аясында Ормуз бұғазы арқылы барлық сауда кемелерінің өтуіне уақытша рұқсат берілген.

«Ливандағы бітім режиміне сәйкес, Ормуз бұғазы арқылы барлық коммерциялық кемелердің өтуі бітім күшінде болған кезеңде толық ашық деп жарияланады», – деп жазды министр X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Министрдің сөзінше, кемелер «алдын ала келісілген бағыттармен» қозғалады. Бұл туралы бұған дейін Иран порттары және теңіз тасымалы ұйымы да хабарлаған.

Еске салайық, Иран АҚШ пен Израиль арасындағы қақтығыс басталған алғашқы күні-ақ (28 ақпан) Ормуз бұғазын жапқанын мәлімдеген болатын. Бұған қоса, рұқсатсыз жүрген танкерлерге дрондар мен зымырандар арқылы соққы жасай бастаған.

Қақтығыс басталғалы бері мұндай шабуылдарға байланысты көптеген оқиғалар тіркелді. Тіпті 8 сәуірде жарияланған уақытша бітім кезеңінде де кемелерге шабуылдар жалғасқан еді.

Аббас Аракчидің мәлімдемесінен кейін Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 89,55 долларға дейін арзандады. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға төмен.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз