Иранның әскери әлеуетінің 70 пайызы әлі сақталған
Америкалық барлау деректеріне сәйкес, АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның әскери кеңесшілері АҚШ қарулы күштерінің Иранның зымыран нысандарына келтірген залалын асыра бағалап, Ислам Республикасының қайта қалпына келу қабілетін төмен бағалаған.
Бұл туралы The New York Times басылымы жазды.
Сарапшыларды ең қатты алаңдатып отырған мәселе – Иранның Ормуз бұғазы маңындағы зымыран кешендерін сақтап қалуы.
АҚШ билігінің «Иран әскери тұрғыдан талқандалды» деген ресми мәлімдемелері америкалық барлау мәліметтеріне қайшы келіп отыр. Барлау деректеріне сәйкес, Ислам Республикасы ел аумағындағы мобильді зымыран қондырғыларының шамамен 70 пайызын сақтап қалған. Сонымен бірге соғысқа дейінгі зымыран арсеналының да 70 пайызы әлі қолда бар.
Әңгіме болып отырған арсенал құрамына аймақтағы өзге елдерге соққы жасауға қабілетті баллистикалық зымырандар мен жақын қашықтықтағы жерүсті және теңіз нысандарына қарсы қолданылатын қанатты зымырандардың белгілі бір қоры кіреді.

Ормуз бұғазы маңындағы Иран зымыран кешендері
Басылымның жазуынша, ең үлкен алаңдаушылық туғызып отырған жайт — Иран Ормуз бұғазы бойына орналастырылған 33 зымыран кешенінің 30-ын қайтадан жауынгерлік дайын күйге келтірген. Бұл кешендер америкалық әскери кемелер мен бұғаз арқылы өтетін мұнай танкерлеріне қауіп төндіруі мүмкін.
Әскери барлау мәліметтеріне сәйкес, спутниктік суреттер мен өзге де дереккөздер Иранның ел бойынша орналасқан жерасты зымыран қоймалары мен ұшыру қондырғыларының шамамен 90 пайызына қайта қол жеткізгенін көрсетеді. Қазір олар «ішінара немесе толықтай әрекетке дайын» деп бағалануда.
Осыған ұқсас мәліметті өткен аптада The Washington Post та жариялаған еді. Басылым АҚШ барлауына сілтеме жасап, Иран мобильді ұшыру қондырғыларының шамамен 75 пайызын және соғысқа дейінгі зымыран арсеналының 70 пайызын қалпына келтіргенін жазған.

Трамп пен Хегсет Иран әскери әлеуеті жойылғанын айтқан
Бұл мәліметтер АҚШ президенті Дональд Трамп пен қорғаныс министрі Пит Хегсеттің «Иранның әскери әлеуеті жойылды» немесе «енді қауіп төндірмейді» деген мәлімдемелерін жоққа шығарады, деп жазады NYT.
«Барлау қызметтерінің жаңа деректері Дональд Трамп пен оның әскери кеңесшілері америкалық қарулы күштердің Иран зымыран нысандарына келтірген залалын асыра бағалағанын және Иранның қалпына келу қабілетін төмен бағалағанын көрсетеді», – делінген мақалада.
12 мамыр күні Дональд Трамп Truth Social платформасында Иранмен соғыс туралы БАҚ жарияланымдарын сынға алды. Ол Ақ үй позициясын қолдамайтын материалдарды "сатқындық" деп атап, олардың жауды қолдайтынын мәлімдеді.
АҚШ қару қорының сарқылу қаупі
NYT дерегінше, АҚШ армиясы Tomahawk қанатты зымырандары, Patriot әуе қорғаныс жүйесіне арналған ракеталар, сондай-ақ Precision Strike және ATACMS секілді маңызды оқ-дәрілер қорының едәуір бөлігін жұмсап қойған.
«Егер Трамп Иранның әскери әлеуетін әлсірету немесе жою үшін қосымша соққы жасау туралы бұйрық берсе, АҚШ қарулы күштері стратегиялық маңызы бар оқ-дәрілер қорын одан әрі азайтуға мәжбүр болады», – деп жазады басылым.
Журналистердің пікірінше, бұл әрекеттер АҚШ қорын одан әрі әлсіретеді. Өйткені Пентагон мен ірі қару өндірушілер қазірдің өзінде АҚШ қоймаларын толықтыру үшін өндірістік қуат табуда қиындық көріп отыр.
АҚШ қару қорының азаюына Вашингтонның еуропалық одақтастары да алаңдаулы. Себебі олар Украина үшін АҚШ-тан миллиардтаған долларлық оқ-дәріге тапсырыс берген. Енді бұл қарулар америкалық армияның өз қорын толықтыруға жұмсалып кетуі мүмкін деген қауіп бар.
Ал Ақ үйдің ресми өкілі Оливия Уэльс NYT жариялаған барлау деректеріне пікір білдіріп, Трамптың «Тегеранның әскери әлеуеті күйретілді» деген сөзін қайталады.
Оның айтуынша, Ислам Республикасы «қазіргі жағдайының ұзаққа созылмайтынын жақсы түсінеді». Сонымен бірге ол: «Иран әскери күшін қалпына келтірді деп ойлайтын кез келген адам не қателеседі, не Ислам революциясы сақшылар корпусының үгітшісі», – деді.
Пентагонның баспасөз хатшысы Шон Парнелл де NYT сауалына жауап беріп, АҚШ қарулы күштерінде «ел мен ұлттық мүдделерді қорғауға қажетті барлық мүмкіндік бар» деп мәлімдеді.