Әлеумет

Камчыбек Ташиевке қатысты қылмыстық іс сотқа жолданып, құпияланған

Қырғызстан Бас прокуратурасы бұрынғы ҰҚМК басшысы Камчыбек Ташиевке қатысты қылмыстық іс бойынша айыптау актісін бекітті.

Қамчыбек Ташиев

Ол билікті күшпен басып алуға дайындалды және қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Бұл туралы 12 мамыр күні адвокат Икрамидин Айткулов әлеуметтік желіде мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, қылмыстық іс мәні бойынша қаралуы үшін Бішкектің Первомай аудандық сотына жолданған. Іс бойынша Ташиевтен бөлек тағы жеті адам айыпталушы ретінде отыр.

«Қылмыстық іс құпияланған. Бұл барлық сот отырысы жабық өтетінін және ешкім тергеу мен сот материалдарын жариялай алмайтынын білдіреді», – деді экс-ҰҚМК басшысының қорғаушылары.

Бұған дейін адвокат Камчыбек Ташиевтің тергеуге шақырылып, Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 326-бабы («Билікті күшпен басып алу») және 337-бабы («Қызметтік өкілетті асыра пайдалану») бойынша айып тағылғанын хабарлаған еді. Кейін ол елден шықпау туралы қолхатпен босатылған.

10 ақпанда Камчыбек Ташиев Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары әрі ҰҚМК басшысы қызметінен шеттетілген болатын.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз