Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:21, 14 Қараша 2023

Ол ағасына артылған миссияны сезіне алды ма екен?..

Болат Назарбаев
Фото: из открытых источников

Оның бағы да, соры да ағасы болды. Декаративті демократия орнаған елде президенттің інісі болудан қиын не бар?! Билеуші аға мен асқан дәулетке малтыққан іні арасындағы адами сыйластық, бауырлық қарым-қатынас қаншалықты сақталды екен... 

Қазір тұңғыш президентті сынаушылар күн өткен сайын көбейіп жатыр. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи орнымен ешкім таласа алмайды. Заманалар бойы аңсаған азат елдің тұңғыш президенті болу Әбішұлының маңдайына жазылды. Іні ағасына артылған тарихи миссияны қаншалықты сезінді екен? Марқұм мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы: «Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті. Келешек ұрпаққа оның жақсы аты ғана жету керек. Біз сол үшін әрекет етуіміз керек» деген сыңайдағы сөз айтыпты. Мемлекетшіл саясаткердің жанашыр сөзі! Бұндай жанашырлықты ең бірінші ет жақындарың көрсетуі керек емес пе. Президенттің аты тұтас бір елдің репутациясы екенін терең түсіну керек еді.

Тәуелсіздік алған жылдардың басында Абылай ханды пір тұтқан президент артынша Сингапурдың ұлы реформаторы Ли Куан Юді үлгі тұтты. Жұмыссыздықты 2 пайызға қысқартып, ЖІӨ 40 есеге көбейтіп, жемқорлықты жойған сингапурлық саясаткермен жиі кездесіп те тұрды. Атақты премьер-министр «Билікке келгенде менде екі жол болды. Біріншісі: Құлқымның қамын жасап, байып – өзімді және туған-туыстарымды «Forbes» журналының бетіне шығару, яғни халқымды тақырға отырғызып, өз басым шалқып өмір сүретін жағдайға жету; екіншісі: Халқыма, Отаныма қызмет етіп – елімді әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына жеткізу еді. Көріп отырғаныңдай, мен екінші жолды таңдап, мақсатымды іске асырдым» деген еді бір сұхбатында. Бұндай сөзді айту үшін Ли Куан Ю үлкен құрбандықтарға барды. Туған-туыс, дос жарандарын аямады. Мемлекет қазынасына қол салғанын қатаң жазаға тартты.

Қара базар мен тойханаларға деген әуестіктің бұқара мен билік арасына салқындық орнатқанын сезінбеу артында қаншама трагедия жатыр. Жазушы Достоевский даңқты романы «Ағайынды Карамазовтарды» ұлы күнәһардың оқиғасы деп атаған екен. Бұл ағайындылардың өмір сапарындағы санқилы оқиға өз жазушысын күтеді.

«Өлгеннің артынан жаман айтпа» дейді қазақ. Бірақ өлімнің артында сабақ барын білсек керек-ті. Барлық жан өлмек. Сонда қабіріңе бір уыс топырақ салынып, бір ауыз жылы сөз айтылғанға не жетсін. Қазадан қадір кетсе не болғаны...