Қанаты қайырылған «Самұрық», қарызға батқан «Қазына»
Қазақстан экономикасының стратегиялық тірегі саналатын «Самұрық-Қазына» қорына қарасты ірі компаниялардың қарыз жүктемесі жылдан-жылға өсіп барады.
Қордың өзі ұсынған қаржылық есептерге сүйенсек, қор құрамындағы бес компанияның жиынтық борышы 8,4 трлн теңгеден асқан. Бұл сома Қазақстанның бір жылдық республикалық бюджетінің едәуір бөлігіне тең. Ең алаңдатарлығы, қарыздардың басым бөлігі шетел валютасында рәсімделген. Демек, теңге әлсіреген сайын ұлттық компаниялардың борыштық ауыртпалығы да арта береді деген сөз.
Қарыз көлемі бойынша көш басында тұрған – «ҚазМұнайГаз» бен «Қазақстан темір жолы». Екі компанияның берешегі 6,8 трлн теңгеден асады. Сарапшылар мұндай көрсеткіштердің ұзақ мерзімде қаржылық тұрақтылыққа қысым түсіріп, түптеп келгенде, мемлекетке қосымша салмақ салуы мүмкін екенін айтады.
Бесеудің қарызы қанша?
Сонымен қарыз алудан алдына жорға салмаған бесеудің қарызын тізетін болсақ, бірінші, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жалпы қарызы 3,504 трлн теңге екен. Оның 2,963 трлн теңгесі – облигациялар, 541,1 млрд теңгесі – банктeр алдындағы қарыз. Қарыздардың 2,4 трлн теңгесі доллармен, 819,1 млрд теңгесі теңгемен, 185,8 млрд теңгесі еуромен және 86,7 млрд теңгесі қытай юанімен номинацияланған. Компанияның облигациялық портфелінде 2048 жылы өтелетін 1,5 млрд долларлық облигациялар бойынша 601,9 млрд теңге, 2030 жылы өтелетін 1,25 млрд долларлық облигациялар бойынша 604,2 млрд теңге және 2047 жылы өтелетін 1,25 млрд долларлық облигациялар бойынша 474,1 млрд теңге міндеттеме бар. Бұдан бөлек, KASE-дегі облигациялар бойынша берешек 709,9 млрд теңгеден, ал Гонконг қор биржасындағы юань облигациялар көлемі 86,7 млрд теңгеден асады. Кредиторлар қатарында банктерден алған қарыздары және бар.
Екінші, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қарыздары мен облигациялық қарыздарының көлемі 3,33 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде 2,72 трлн теңгесі ұзақ мерзімді, 607 млрд теңгесі қысқа мерзімді міндеттемелер. Сенаттағы Үкімет сағатында жарияланған мәлімет бойынша ҚТЖ-ның номиналды қарызы 4,7 трлн теңге, ал баланстық қарызы 3,8 трлн теңге екені айтылған. Валюталық құрылымда швейцар франкімен алынған қарыз 1,08 трлн теңге, еуродағы міндеттемелер 370 млрд теңге, юаньдағы қарыз 56 млрд теңге, ал долларлық еурооблигациялар көлемі шамамен 394 млрд теңге болған.
Үшінші – QazaqGaz. 2025 жылдың соңында оның жалпы борышы 623,2 млрд теңге болған. Оның 583,8 млрд теңгесі облигациялық қарыздарға, 9,8 млрд теңгесі банк кредиттеріне және 29,6 млрд теңгесі жалға алу міндеттемелеріне тиесілі. Негізгі кредиторлар қатарында «Қазақстанның Даму банкіне» тиесілі 8,6 млрд теңгелік және «Еуропалық қайта құру және даму банкіне» тиесілі 1,1 млрд теңгелік қарыз бар.
Төртінші борышкер – Самұрық-Энерго. «Самұрық-Энерго» АҚ-ның жалпы қарызы – 585 млрд теңге. Оның 480,7 млрд теңгесі ұзақ мерзімді қарыздар мен облигациялардан, 104,3 млрд теңгесі қысқа мерзімді міндеттемелерден тұрады. Ұзақ мерзімді қарыздардың ішінде банк несиелері 362,1 млрд теңге, «Самұрық-Қазынадан» алынған қарыздар 80,6 млрд теңге және облигациялар 37,5 млрд теңге болды. Қысқа мерзімді бөлікте банк қарыздары 70 млрд теңге, «Богатырь көмірден» алынған қарыз 15,6 млрд теңге, «Самұрық-Қазына» алдындағы міндеттемелер 9,2 млрд теңге және облигациялар 9,1 млрд теңге болған.
Бесінші, «Қазақтелеком» компаниясының қарызы 398 млрд теңгегe жeткeн. Оның ішінде өзгермелі мөлшерлемемен шығарылған облигациялар көлемі 170,7 млрд теңге, тұрақты мөлшерлемелі облигациялар 139,1 млрд теңге, ал банктер мен қаржы ұйымдарынан тартылған несиелер 88,1 млрд теңге болды.
Міне, бес компанияның нақты қарыздары осынша сомаға жеткен.
«Самұрық-Қазына» үмітті қашан ақтайды?
Қарызға батқан компаниялардың «Самұрық-Қазына» қорының құрамында екенін жоғарыда айттық. Негізінде, Қазақстан экономикасының жүрегі саналатын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2008 жылы үлкен үмітпен құрылды. Қордың басты миссиясы – ұлттық байлықты тиімді басқарып, халықтың әл-ауқатын арттыру болатын. Алайда арада 18 жылға жуық уақыт өтсе де, қоғам санасында бұл құрылым халықтың емес, өз жағдайын көбірек ойлайтын алпауыт корпорация ретінде қалыптасып кетті.
Шынында, «Самұрық-Қазына» дегенде көпшіліктің көз алдына ең алдымен миллиондаған сыйақы алатын топ-менеджерлер, миллиардтаған тендерлер және жыл сайын өсіп бара жатқан қарыздар келеді. Осы уақыт ішінде қор басшыларының жалақысы қысқарыпты, жауапкершілікке тартылыпты немесе жұмысының нәтижесі үшін қатаң есеп беріпті дегенді естіген емеспіз. Қордың қаржылық есептеріне қарасақ, соңғы жылдары таза табыс триллиондап есептелгенімен, мемлекетке төленген дивиденд көлемі соған сай емес. Мәселен, 2019 жылы қор 1,4 трлн теңге таза пайда тапса, бюджетке небәрі 120 млрд теңге аударған. Кейінгі жылдары да жағдай айтарлықтай өзгермеді. Өткен жылы таза табыс 1,9 трлн теңгеден асқанымен, бюджетке төленген дивиденд 302 млрд теңге ғана болды.
Мәселе дивидендте ғана емес. Бүгінде қордың жиынтық қарызы 10,1 трлн теңгеге жеткен. Оның 5,9 трлн теңгесі – сыртқы борыш, яғни «Самұрық-Қазына» мемлекетке табыс әкелетін құрылымнан гөрі, өзі қарыз алып өмір сүретін алып холдингке көбірек ұқсайды.
Еске салсақ, 2017 жылғы аудит кезінде қор құрылымдарының бюджетке миллиардтаған теңге залал келтіргені де анықталған. Ал 2020 жылғы тексерісте «Самұрық-Қазына», «ҚазАгро» және «Бәйтерек» холдингтерінің мемлекеттік ресурстарды тиімсіз пайдаланғаны да айтылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бір кездері қорды түбегейлі реформалау қажеттігін ескертіп, егер трансформация нәтиже бермесе, тарату мәселесін қарастыруға болатынын мәлімдеген еді. Осыдан кейін былтыр реформалар туралы жарқын жоспарлар жарияланды. «Басшылық қысқарады», «сатып алулар ашық болады», «IPO арқылы миллиардтаған инвестиция тартылады» деді. Әйтеуір «Самұрық-Қазына» жыл сайын үміт артамыз, бірақ сол үміттің ақталар түрі көрінбейді.
Қордың функциясы сауатты ма?
Экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков, «Самұрық-Қазына» трансформацияға емес, ликвидацияға жақындап бара жатқанын айтады. Маманның пікірінше, қордың көптеген функциясын профильді министрліктерге беру арқылы мемлекет жыл сайын миллиардтаған теңге үнемдей алар еді дегенді айтты.

«Шынында да, қордың тек әкімшілік шығындарының өзі ондаған миллиард теңгемен есептеледі. Басқарушы аппаратқа кететін шығын бөлек, жоғары лауазымды менеджерлердің сыйақысы бөлек. Бүгінде «Самұрық-Қазына» құрамында ел экономикасының негізгі тамырын ұстап тұрған жиырмадан астам стратегиялық компания бар. Мұнай, газ, энергетика, теміржол, байланыс, авиация – бәрі осы қордың бақылауында. Сондықтан оның әрбір қателігі бір компанияның емес, тұтас экономиканың мәселесіне айналады. Кезінде қоғам «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорды толықтыратын, бюджетке тірек болатын институтқа айналады деп сендік. Бірақ бүгін жағдай өзгеше. Қор енді облигация шығарып, оны Ұлттық қордың өзіне сатып отыр. Яғни мемлекет бір қалтасынан ақша алып, екінші қалтасына беретін жағдай қалыптасты.Мысалы, 2021 жылдың қаржылық есебін қарасақ, қордың әкімшілік шығындары 16,8 млрд теңгеге жетіп үлгерген. Бұл олардың тек орталық кеңседе отыратын басқарушы аппаратының шығыны. «Самұрық-Қазынаның» басшылық құрамы өте қымбат. «Қордың бастықтарына бір жылда 4,5 млрд теңге төленген» деген дерек бар. Сондықтан мұндай қорды таратып, оның функцияларын министрліктерге беруге болады», – деді экономист-ғалым.
Жалпы, ұлттық әл-ауқат қорында бүгінде ірі-ірі 20 компанияның портфелі бар. Расымен де бұл компаниялардың топ-менеджерлері қомақты жалақы алады. Араларында 1 млн 200 мың, 1 млн 900 мың теңгеге дейін жалақы алатындар бар. Есесіне, мұндай компанияларда қарапайым жұмысшылардың жалақысы мардымсыз. Мысалы, «Самұрық-Қазынаның» тікелей қарамағына енетін «ҚазМұнайГазға» қарасты «Өзенмұнайгаздың» жұмысшылары «Жаңаөзендегі» мұнайшылар жалақыларын ала алмай, үнемі ереуілдетеді де жатады.
Қазірде «Самұрық-Қазына» қорының активі еліміздің ЖІӨ-сінің 60 пайызына жуықтайды. Бүгінде қордың мынадай функциялары бар: қаржы секторын тұрақтандыру, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, инновациялық, индустриалдық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру.
Еске салсақ, 2024 жылыБәсекелестікті қорғау агенттігі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 2014 жылдан 2021 жылға дейінгі экономикалық зиянын жария еткен болатын. 8 жылдық кезеңде қордың экономикалық құнының зияны жыл сайын орта есеппен 1,8 трлн теңге деңгейінде сақталып келген, агенттік мұндай деректі квазимемлекеттік реформа туралы аналитикалық есепке сүйеніп таратқан. Бұл есепте қордың құрамына енетін компаниялардың қызметі мен басқаруындағы тиімсіздіктер көрсетілген. Соның ішінде жоғарыда аталған компаниялардың қарызы көп екені де сөз болды.
Қарыз алу әлемдік тәжірибеде бар десек те, осы саланы жетік білетін корпоративтік қаржы саласының маманы, сарапшы «Экономика және Құқық» институтының маманы Жанар Күнтуғанқызының сөзінше, әл-ауқат қорының бұлайша қарызға батуы құптарлық дүние емес. Маманның айтуынша, қор сыртқы қарызды мұнай бағасы тұрақты, экономикалық даму көрсеткіші оң динамика көрсетіп тұрған кезде алған. Ол кездері мұнайдың бір баррелі 100 АҚШ доллары болса, қазір әлем бойынша мұнай бағасы мың құбылып, геосаяси жағдай ушығып, қымбатшылық дендеп, түрлі-түсті металдардың бағасы арзандап жатқанда қарызды қайтару да оңай емес.
«Арзан мұнай кезінде бюджетке түсетін түсім де азаяды, экономиканың аяқ-алысы да шатқаяқтайды. Сондықтан келешекте «Самұрық-Қазынаның» қарызын қайтару да оңайға соқпайды. Жыл сайын миллиардтаған қарызын қайтарса, қордың экономикалық зияны арта береді. Қазір аталмыш қордың алдында 2014 жылдарда алған қарызын қайтару міндеті тұр. Оларды қайтармаса, ірі жобаларға қайтадан қарыз алу мүмкіндігі төмендейді», – деді сарапшы.
Не істеу керек?
Маманның айтуынша, қор тек қаржылық есеп жариялаумен шектелмеуі тиіс. Әр тоқсан сайын қарыздардың қалай өтеліп жатқаны, қандай жобаларға қанша қаражат жұмсалғаны туралы ашық есеп беруге міндетті. Сарапшы тағы бір маңызды мәселеге назар аударады.
«Сингапурде мұндай қорлар мемлекет бақылауында жұмыс істейді. Бұл елде активтердің иесі қаржы министрлігі болып саналады. Бізде де стратегиялық компаниялар қатаң бақылауда болуы керек. Өйткені «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», QazaqGaz сияқты компаниялар – жай бизнес емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылықтың тірегі», – деді маман.
Сарапшының пайымдауынша, екінші мәселе – тиімсіз басқару мен жемқорлық тәуекелі. ҚТЖ-дағы шығындар, «Самұрық-Энерго» төңірегіндегі даулар, құқық қорғау органдарының тергеулері бекер пайда болған жоқ. Сондықтан басқару аппаратын қысқартып, ұлттық компаниялардағы менеджментті түбегейлі жаңарту қажет. Миллиондап бонус алатын басшылардың саны емес, компаниялардың тиімділігі маңызды. Сарапшы «Самұрық-Қазынаның» құрамына енетін компаниялардың акцияларын IPO-ға, яғни халыққа сатылымға шығару мәселесіне де сақтықпен қарау керек деп есептейді. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай ұсыныстардың негізгі сатып алушысы көбіне қарапайым халық емес, институционалдық қорлар болып шығады. Стратегиялық кәсіпорындардың акцияларын жекешелендіру алдында олардың болашағын, инвесторлардың сапасын және мемлекеттің бақылау тетіктерін жан-жақты зерттеу қажет.
«Әйтпесе, нарықтағы қолайсыз жағдай кезінде ұлттық активтер құнынан төмен бағаға сатылып кетуі мүмкін. Жалпы, басқару жүйесі мінсіз болса, триллиондаған активтері бар құрылым экономикаға қуатты серпін беруі тиіс еді. Ал бүгінде «Самұрық-Қазына» туралы әңгіме жетістіктерден гөрі, реформалар, қарыздар және тиімділік мәселелері төңірегінде көбірек өрбиді. Сондықтан қордың басқару жүйесі, функцияларын өзгертуге қатысты басты сұрақ әлі де ашық күйінде қалып отыр», – деп ойын түйіндеді маман.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ