Ұлттық қор «жыртық жамайтын» әмиянға айналып барады
Биылғы жылдың өткен бес айында Ұлттық қорға 1,53 трлн теңге көлемінде тікелей салық түсіпті.
Ал тура осы кезеңде Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт ретінде 1,4 трлн теңге қаржы алынған. Мұндай деректерді естіген сала мамандары «биыл Ұлттық қорға түскен қаражаттың барлығы бес айдың ішінде жұмсалып кетті» деп қынжылыс білдіріп отыр.
Жалпы, биыл Ұлттық қорға пайда салығы да аз түскен. Осылайша, инвестициялық кірісті есепке алмағанда, қорға таза түсім небәрі шамамен 130 млрд теңгені немесе жалпы түсімнің 8,5 пайызын құраған.
Әмиянның шынайы сиқы қандай?
Негізінде, үкімет жыл сайын түрлі мінберлерден: «Ұлттық қор – болашақ ұрпақтың несібесі, оны үнемдейміз, трансферттерді азайтамыз» деп уәде береді. 2000 жылы Ұлттық қор құрылған тұста Норвегияның тәжірибесіне сүйеніп жасалған бұл қордың негізгі миссиясы – ел экономикасын мұнай бағасының ауытқуынан қорғау және табиғи ресурстардан түскен табысты болашақ ұрпаққа сақтау болған. Алайда уақыт өте келе бұл миссия ұмытылып, үкімет Ұлттық қорды «жыртық жамайтын» әмиянға айналдырып алды.
Басқа уәделерді айтпай-ақ, тек былтырғы жылы берген үкіметтің уәдесін еске салсақ, былтыр үкімет басшысының орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкімет отырысында Қазақстан экономикасының алдағы жылдары қалай дамитынын баян еткен. 2026-2028 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму жобаларын және 2026-2035 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму болжамын ұсынған Жұманғариннің жоспарында бәрі керемет еді.
Жұманғариннің былтырғы ең үлкен жаңалығы – «болашақта бюджеттің тапшылығын толтыру үшін Ұлттық қордан ақша алмайтын боламыз» дегені. Ол бұл туралы былтыр шілдеде де айтқан. Енді, міне, биылғы жыл басталғалы бері бес айдың ішінде үкімет қорға түскен тікелей салықтың бәрін жұмсап жіберді. Қазір елдің негізгі қаржылық «қауіпсіздік жастығы» саналатын Ұлттық қордың бүгінгі жай-күйіне алаңдаушылар көп.
Қаржы министрлігінің соңғы мәліметтері қордың ішкі кіріс көздерінің айтарлықтай әлсірегенін және үкіметтің қор қаражатын дұрыс ұқсата алмай жатқанын нақты көрсетеді.Министрлік ұсынған деректерге жүгінсек, инвестициялық кірісті есепке алмағанда, Ұлттық қорға түскен таза түсім шамамен 130 млрд теңген ғана. Бұл – жалпы түсімнің тек 8,5 пайызы екенін жоғарыда айттық. Пайданың қалған бөлігі сыртқы нарықтардағы инвестициялық басқарудың арқасында ғана құралып отыр, ал ел ішіндегі өндірістен қорға қалатын таза пайда тым аз. Биыл пайдалы қазбаларды өндіру салығы да азайған. Бұл бап бойынша түсім бір жыл бұрынғы 512,2 млрд теңгеден 266,6 млрд теңгеге дейін екі есеге жуық (-48 пайыз) құлдыраған. Өнімді бөлу туралы келісімдер (ӨБК) аясында Қазақстанның үлесі ретінде қорға 447,8 млрд теңге түскенімен, бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда 10,9 пайызға төмен. Ал артық пайда салығы 38,3 пайызға азайып, небәрі 22,3 млрд теңге болған. Жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемдері де қысқарып, 67,3 млрд теңге деңгейінде қалған.
Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда БАЯХМЕТОВ былай дейді: «Үкімет Ұлттық қорды бюджеттің жыртығын жамайтын әмиян етіп алды. Қазіргі сол әмиянның шынайы сиқы – осы. Ұлттық қордың қаражаты сауатсыз бейберекет жұмсалғаннан кейін қорды қоңды ете алмай келеміз».
Жалғыз үміт – КТС, бірақ...
Рас, қордағы кірістің өскен тұстары да бар. Мұнай компаниялары төлеген корпоративтік табыс салығы (КТС) 559,2 млрд теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22,5 пайызға артқан. Сондай-ақ шикі мұнай мен газ конденсатын экспорттауға салынатын ренталық салық 3 пайызға өсіп, 172,3 млрд теңгеге жеткен. Мұнай компанияларынан төленген бонустар есебінен қорға 558,3 млн теңге түсті.
Бірақ КТС пен ренталық салықтың бұл өсімі қордың басқа баптарындағы жаппай құлдыраудың орнын толтыра алмайды. Бұл сандар үкіметтің бюджетті толтыру үшін мұнай компанияларынан салықты барынша сығып алғанын, бірақ қордың жалпы теңгерімі бәрібір төмендеп бара жатқанын дәлелдейді.
Экономист Марал ТӨРТЕНОВАНЫҢ сөзінше,үкіметтің ең үлкен қателігі – Ұлттық қор қаражатын үнемдеу туралы уәдесінде тұра алмауында. Салықтық түсімдердің қысқаруы аясында үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін қордан трансферт алуды тоқтатар емес.
«Ұлттық қор – мемлекеттің болашаққа арналған қоржыны. Егер оған түсетін таза түсім небәрі 8,5 пайыз болса, ал қордан алынатын ақша миллиардтаған доллармен өлшенсе, бұл – сауатсыздық. Бұл – қаражатты дұрыс ұқсата алмаудың нақты көрінісі. Үкімет экономиканы әртараптандырып, бюджетті мұнайдан тыс секторлар арқылы толтырудың орнына, дайын шикізат ақшасына иек артып отыр. Бір ғана КТС қорды толтыра алмайды. Сондықтан қорды басқаруда жаңа схема керек», – дейді маман.
Қаржыгерлердің пайымдауынша, үкімет Ұлттық қорды өсіріп, экономиканы арттырамыз десе, ең алдымен бюджеттің түсімі мен шығынын дұрыстап есептеу керек. Мәселен, республикалық бюджеттің шығыстары: 2026 жылы – 27,7 трлн теңге, 2027 жылы – 28,8 трлн теңге, 2028 жылы – 29,8 трлн теңге болған. Кірістерге келсек, қаржы министрлігінің есептеуінше, 2026-2027 жылы 23,1 трлн теңге шамасында, 2028 жылы 27,6 трлн теңге шамасында болады. Бұл деректерді қарапайым арифметикалық тәсілмен есептесек, бюджеттің шығысы көп, кірісі аз екенін бағамдаймыз. 2026 жылы шығыс 27,7 трлн болса, бюджетке түсетін кіріс 23,1 трлн теңге. Яғни бюджет тапшылығы 4,3 трлн теңге болмақ. 2027-2028 жылдары да бюджетке 2,2 трлн теңге кем түспек.
«Шексіз оптимизм жарға жығады»
Қаржыгер Ілияс ИСАЕВ үкіметтің шексіз оптимизміне кейде таңырқайтынын айтады.
«Әлеуметтік шығындар космостық жылдамдықпен өсіп барады, бюджетке ақша түспейді, бірақ біздің министрлер «Ұлттық қордан бір тиын да алмаймыз» деп кеуде қағады. Сонда бюджеттің бүйірін ауадан ақша жасап толтырмақ па? Үкіметтің болашақ үміті – жаңа Салық кодексі. Шенеуніктердің қиялы бойынша, бұл «сиқырлы құжат» күшіне енген бойда бюджетке еш қиындықсыз 3 трлн теңге сарт ете қалуы керек. Содан кейін «Ұлттық қордың ақшасын жұмсауды қоямыз» деп мәз. Бірақ бұл идеалистік жоспардың орындалуы үшін бизнес пен қарапайым халық қуана-қуана, жарыса салық төлеуі тиіс. Ал қазір кәсіпкерлер бұл «тонаудан» шошып отыр. Болашақта бизнес көлеңкелі экономиканың қою құшағына тығылып жатса, қиын болады. Үкімет сонда әлеуметтік шығындарды қысқартып, халықты аш қалдыра ма? Мәселе осында. Жоспар құрмас бұрын, ең құрығанда шығынды дұрыстап есептеп алу керек», – дейді Арман Мусин.
Маманның ойынша, бізде шығынды дұрыс есептеу деген үрдіс атымен жоқ. Бизнес салықты адал төлеген күннің өзінде, бұл реформа уақытша жан сақтау ғана болмақ. Себебі экономиканы сүйреп, жұмыс орнын ашып, тауар айналымын жасап отырған – сол баяғы «сауын сиырға» айналған бизнес. Үкімет үміт артқан Салық кодексі мемлекеттің инфрақұрылымы мен моноқалалары дамығанда ғана жұмыс істейді.
«Ал бізде аумағына Еуропаның үш мемлекеті сыйып кететін алып облыстар әлі күнге дейін бюджетке алақан жайып, субсидия сұрап отыр. Осыны ұмытпау керек», – деді маман.
Ұлттық қор және мұнайсыз даму
Ұлттық экономика министрі кіріс пен шығыс арасындағы айырмашылықтарға қарамастан, 2029 жылға дейін үкімет Ұлттық қордың активтерін 100 млрд долларға жеткізу туралы президенттен тапсырма алды. 2028 жылы қордағы қаражат 68,6 млрд долларға өсетін болса, ар жағында бір жылда Ұлттық қорды 100 млрд долларға қалай жеткізбек?
Бұл жайттың мүмкін немесе мүмкін еместігін «Аналитик» талдау және сараптау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан ШАЯХМЕТОВАДАН сұрадық.
Оның айтуынша, егер мұнайдан тыс бюджеттің тапшылығы 10-11 трлн теңге болса, ЖІӨ кемінде жылына 6 пайызбен өсіп отырса, онда экономика аса қиналмайды. Дегенмен Ұлттық қорға телмірмеу үшін бюджеттің кемінде 60 пайызы мұнайдан емес, басқа салалардан түсуі керек екен. Яғни логистика, транзит, теңіз бен әуе жолдары, сирек металдар, қысқасы, экономиканың барлық шала-жансар жатқан саласы бір сәтте «тіріліп» кетуі тиіс.
«Сөйтіп, мұнайдың бюджеттегі үлесін 20 пайызға дейін құлдыратсақ, 2030 жылдары бұл көрсеткішке жетіп қалуымыз ықтимал. Бірақ бұл 30 жылдан аса уақыт айтылғанымен, еш жүзеге аспады. Енді екі жылда жүзеге аса қояды дегенге сену қиын», – дейді сарапшы.
Десе де, министрлердің сенімі сергек секілді. Тіпті, жоғарыда айтқанымыздай, атқарушы билік 2026-2035 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму болжамын да ұсынған. Ол болжам-жоспардың ішінде «базалық», «ұстамды» және «альтернативті» деп аталатын үш түрлі шытырман оқиғалы нұсқасы бар. Ол бойынша мемлекеттік бюджет кірістері 2035 жылы 66,8 триллион теңгеге дейін жетуі тиіс. Ал бюджет тапшылығы 2030 жылдан бастап нөлге теңеледі-мыс! Әйтеуір шенеуніктердің қағаздағы тәбетіне қарасаң, 2030 жылы Швейцария бізге қарап жылап, Дубай бізден қарыз сұрайтындай-ақ.
Не істемек керек?
Жалпы, Ұлттық қордың қазынасын ортайтпау үшін мамандар төмендегідей ұсыныс айтады:
Бірінші, трансферттерге қатаң шектеу қою керек. Үкіметтің қорға қол сұғуын заң жүзінде шектеп, бюджет тапшылығын тек ішкі тиімділікті арттыру арқылы шешуді міндеттеу қажет.
Екінші, салықтық бақылауды күшейту. Пайдалы қазбаларды өндіру салығының екі есе азаю себебін ашық тексеріп, жер қойнауын пайдаланушылардың есептілігін ашық еткен жөн.
Үшінші, шығындарды үнемдеу керек. Қайтарымы жоқ, тиімсіз мемлекеттік жобаларды қаржыландыруды тоқтату қажет.
«Ұлттық қордың бүгінгі сандары – үкіметтің қаржылық саясатына қойылған сыни диагноз. Егер пайда салығының азаюы мен қор қаражатын бейберекет жұмсау осылай жалғаса берсе, болашақ ұрпаққа жиналған қазынадан ештеңе қалмауы мүмкін. Атқарушы билік берген уәдесін орындап, қорды «жыртық жамайтын» әмиян ретінде пайдалануды шұғыл тоқтатуы тиіс», – деп ой түйіндеді мамандар.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ