Сараптама

Нұрымбет Сақтағанов. «СІҢБЕ»

Үлкен саясаттың «тақтасындағы» атқамінерлердің ары-бері ауыса беретіні белгілі. Бірақ еліміздің бір қиырында өмірге келіп, келесі өңірінде тұрақтап қалған шенеунік сирек.

Нұрымбет Сақтағанов

Сол сиректің бірі – ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов. Созақтың даласында туған кейіпкеріміз Шығыстың шыршалы аймағына құмға құйған судай «сіңді». Сондықтан оны көзі жоқ жерде «Сіңбе» дейтіндер бар. Ал кейбіреулер жай ғана «Сапарбаевтың сарқыты» дей салады...

Нұрымбет Сақтағанов
Фото: ашық дереккөз

Тақтадан – тақтатасқа

Созақтың Жуантөбе деген жерінде кіндігі кесілген кейіпкеріміз еңбек жолын қатардағы мұғалім болып бастаған. Бірақ мектептің тақтасынан саясаттың тақтасына «қарғыған» адамдар бізде аз емес. Мәселен, депутаттар Елнұр Бейсембаев пен Мұрат Әбенов саясат әлеміне мектептің дәлізінен аттанды. Кешегі премьер-министр Иманғали Тасмағамбетов пен бүгінгі премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев та – бала оқытып, «бастарын қатырғандар» қатарынан.

Дегенмен Нұрымбет Сақтағановты «мұғалімдер бөлмесінен «аспанға шаншылды» деп бағалайтындар кездеседі. Шынтуайтына келсек, шаншылған түгі жоқ. Бар болғаны, 1995 жылы Қызылорда мектебінде ұстаздық жасап жүргенде, облысқа Бердібек Сапарбаев әкім болып барды. Міне, Сақтағановтың өрлеу кезеңін осы тұстан іздейтіндер көп. Себебі жаңа әкім келіп, жұрт абыр-сабыр болып жатқанда, кейіпкеріміз қағаз-қаламын бұрыштағы шелекке атып ұрып, облыстық Кеден департаментіне ауысып кеткен. Айналасы алты жылдың ішінде қарапайым инспектордан иықты басшыға дейінгі талай қызметтің құлағын ұстады.

2002 жылы Сапарбаев Кедендік бақылау агенттігіне төраға болғанда Сақтағанов бастығының көмекшісі болып, «сөмкесін көтерісе» барды. 2006 жылы Сапарбаев премьер-министр кеңсесі жетекшісінің орынбасары – Мәжілістегі Үкіметтің өкілі деген қызметке ауысты. Сақтағановқа Мәжілістегі Өкімет өкілдігінің бас сарапшысы деген қызмет бұйырды. Кейін Сапарбаев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болғанда бұл саладан да Сақтағановқа бір орын «сақтаулы» болып шықты. Кейіпкеріміз миграция комитеті төрағасының орынбасары атанды.

«Салпақтатып қасынан Сақтағановты тастамайды екен» деген сөзден жиренді ме, марқұм Бердібек Сапарбаев 2009 жылы Шығыс Қазақстан облысына әкім болып ауысқанда кейіпкерімізді жылы орнынан қозғамаған. Есесіне, бұл кісі енесін іздеген қозыдай 2-3 жылдан соң артынан ілесе барып, облыс әкімінің орынбасары болды. Міне, Сақтағановты «Сапарбаевтың сарқыты» көретіндер осы ауыс-түйістерді меңзейтін болса керек. Ал сіңу мен сіңбеудің айырмасын екшеуді алдағы бөлімдердің еншісіне қалдырамыз.

Нұрымбет Сақтағанов
Нұрымбет Сақтағанов. Фото: gov.kz

Әкім болудың әлегі және үш депутатты «күштеу»

Сақтағановтың сүрлеуіне үңілгендер оның қазіргі қызметін мансап жолындағы шыңға балайды. Алайда бұл пікірге толық қосыла кету қиын. Өйткені Қазақстанда сынға ұшырағыш шенділердің кейде аяқасты өсіп кететіні бар. Сондықтан кімнің қайда барарына алдын ала болжам жасаудың қажеті шамалы. Ал егер «Сақтағановтың қазіргі қызметі – бұрынғы жұмыстарының бәрінен биік» десеңіз, онымен келісуге болады. Себебі бұл кісінің оң жамбасына келетін қызмет – орынбасарлық-тұғын. Жарма мен Ұлан ауданын басқарғанын есептемесеңіз, бірнеше әкімге орынбасар болды. Қатты өскен тұсы – бірінші орынбасар. Ал үлкен бастықтың өзі болған кезеңі – екеу. Қызығы, екеуі де елдің есінде ұмытылмастай жатталды.

«Семейге жаңа әкім келеді екен» деген ақпар желдей ескенде, Шығыстың жұрты облыс әкімінің орынбасарлары Шәкәрім Бұқтығұтов пен Бақытжан Байахметовтің бірі шығар деп болжаған. Ал бұл кезде Нұрымбет Сақтағанов Жарма ауданында «жан бағып» жүрген. Біреу Бұқтығұтовты, енді біреу Байахметовті «әкім жасап», орынтағына ойша отырғызып жатқанда, Президент әкімшілігінің келісімі негізінде қабылданған облыс әкімі Даниал Ахметовтің өкімі әлеуметтік желіде тарап кетті. Әлгі құжатта Ахметовтің аты-жөні жазылып, мөрі басылғанымен, қолы қойылмапты. Демек ресми түрде мақұлданбаған. Алайда бұл халыққа аса қызық болған жоқ. Өйткені Президент әкімшілігінен пәрмен түссе, Ахметовтің «мақұл» демеске шарасы қайсы?!

Сәл түсініксіздеу бір нәрсе, формалды түрде болса да, әлгі өкімде «Семей қаласы мәслихат депутаттарының мақұлдауы негізінде...» деген секілді сынық сөйлем тұруы тиіс еді. Не депутаттардың келісімі жоқ, не әкімнің қолы жоқ өкім жұртқа жартыкеш құжат секілді көрінді. Бірақ сол жартыкеш құжат кейіпкеріміздің әкім болуына «негіз» қалағаны тағы рас. Міне, «Семейге Сақтағановтың өзінен бұрын өкімі жетті» деп қыжыртқандар осындай қызықтарды ескерген секілді.

Депутат дегеннен шығады ғой, кейіпкеріміздің облысқа бас болғаны – жырдан қызық. 2025 жылдың ақпан айында ШҚО әкімін тағайындау жөнінде отырыс өтеді. Осы жиынға Зайсаннан арнайы келе жатқан үш депутат аяқасты «жоғалып» кетті. Оларды белгісіз біреулер көлікке күштеп мінгізіп, қайтадан Зайсанға апарып тастаған. Неге? Не үшін? Мұны қысым көрген депутаттардың кімдер екенін айтсақ, түсінікті бола түседі. Тілек Құрманғалиев, Асхат Смағұлов және Берік Самарқанов деген азаматтар аудандық мәслихатқа бір мандатпен сайланған екен. Яғни, анау-мынауға көне бермейтін белсенділер, кезінде «ДАТ-ты» жата-жастана оқыған Ермұрат Бапидың жерлестері. «Азаттық» радиосына сілтеме жасап, сол кезде «Ulysmedia» таратқан ақпаратқа қарағанда, үш депутатты Өскеменнің үш жерінен ұстаған. Телефондарын тәркілеп, қоңырау шалуға мүмкіндік бермеген. «Дендерің сау ма, біз депутатпыз ғой!» десе де, илікпеген. Көлікке күштеп «тиеген» де, зуылдатып отырып Зайсанға апарып тастаған.

Депутаттар оларды облыстық полиция департаментінің қызметкерлері шығар деп топшылайды. Дегенмен олардың кімдер екені маңызды емес. Маңыздысы, жиынға қатыса алмаған үшеу аудан, қала әкімдерін жиі сынап, жемқорлыққа қатысты сан мәрте депутаттық сауал жолдаған. Көрдіңіз бе, демек сауал жолдай алатын депутаттар жолдан қайтарылған сәтте, үлкен жиында демін ішіне алып отыратындар жаңа әкімге сәттілік тілеп, қол соғып жатты.

«Әлеужелінің атасы»

Нұрымбет Сақтағанов – шенді-шекпенділердің ішінде әлеуметтік желіні әдемі пайдаланатын әкімнің бірі. Инстаграммда 21 мың жазылушысы бар. Жұмыс сапарларын, былайша айтқанда, «жүрген-тұрғаны» мен «барған-келгенін» сол жерде үзбей жариялап отырады. Әнеубір күні журналистің қойған сұрағына орай, «Кемінде 2 сағаттай болады, түскі аста және кешке уақыт тауып отырамын» деген-ді. Яғни, кейіпкеріміз күніне 2 сағат инстаграммға үңіледі. Бірақ бұған қарап, «облыс әкімі телефонға шұқшиып, басқаны ұмытады екен» деген ой тумауы керек. Керісінше, өзіне қатысты жарияланған жазбалар мен өзі жүктеген дүниелерге талдау жасауы мүмкін. Сондықтан біз де кейіпкеріміздің әлеужелідегі сөздеріне «талдау» жасап қойғанды жөн көріп отырмыз.

Егер Google-ге «Сақтағанов Өскемен әкіміне автобуспен жүруді тапсырды» деген бір ауыз сөз жазсаңыз, алдыңызға әдемі бір бейнетаспаны көлденең тартады. Ол жерден Сіз қала әкімін қасына ерткен кейіпкерімізді көресіз. Сақтағанов аса сабырлы кейіппен аялдамадағы адамдардан жөн сұрайды. Автобуспен жүріп, жолаушылармен тілдеседі. Сосын қала әкіміне: «Сіз өз аяғыңызбен әрбір маршрутқа мініп, аяғына дейін барып, көріп жүріңіз. Қалай жүріп жатыр, ішіндегі халықпен жаймен сөйлесіп, жағдайын біліп отырыңыз», – деп нықтай тапсырады.

Мұны көрген кейбір кісілер «міне, әкім», «міне, азамат» деп разы болысып жатыр. Былай қарасаңыз, Сақтағановтыкі жөн. Дегенмен бұл жерде елеусіздеу көрінетін екі ірі мәселе бар. Ірі дейтініміз, қала әкімі әр маршрутқа мініп, соңғы аялдамаға дейін жұртпен «әңгіме соғып» жүрсе, жұмысты кім істейді? Бәлкім, Сақтағанов «қолың боста, демалыс күндері сапарла» деп қосымша тапсырған шығар. Солай болған күннің өзінде, оны жұртқа жариялаудың не қажеті бар?

Екіншіден, үлкен әкімнің кіші әкімге «өз аяғыңмен...» бүйт-сүйт деуі қарапайым әдептің қағидатына жата ма? Мәселен, Астанадан Үкімет басшысы шауып кеп, Сақтағановқа дәл осылай тапсырма берсе оны кейіпкеріміздің өзі қалай қабылдар еді?

Әлеужеліде тағы бір қызық бейнетаспа бар. Нұрымбет Аманұлы қар басқан Өскеменді аралап жүріп, қала әкіміне кезекті тапсырмасын былай береді: «Мен үнемі байқаймын, сіздер бірінші облыстық және қалалық әкімдіктің алдын тазартасыздар. Біріншіден, көшелерді, аялдамаларды, жаяу жүргіншілер жолын тазалаңыздар, әкімдікке сосын назар аударыңыздар. Ал менің үйіме баратын жолды ең соңынан тазалаңыздар».

Иә, халықтың құлағына жағатын сөз. Бірақ кейіпкеріміз бұл тапсырмасын шынымен айтып тұр ма, әлде инстаграмм үшін айтып тұр ма? Бұл жағы енді күмәнді. Оның несі күмәнді дегіңіз келсе, талдап-тарқатып көрейік. Қар қалың жауған күні қаланың техникасы көшені тазалап үлгермесе, әкімдіктің шенді-шекпенділері ғимаратқа тізеден қар кешіп баруға дайын ба? Олай болуы мүмкін бе? Әлде кейіпкеріміз сондай сәтті күтіп, оны да инстаграммға салғысы келіп жүр ме? Мейлі ғой, солай-ақ болсын, бірақ Нұрымбет Аманұлы айдалада жалғыз өзі тұрмайды ғой. Оның да көрші-қолаңы бар. Ал әкімнің өзі «менің үйіме баратын көшені ең соңынан тазалаңдар» дейді. Сонда қар тазалаушылар «соңынан» тазалайтын тұсты қай жерден бастайды? Көшенің басынан болса, көрші-қолаңның құқы бұзылғалы тұр. Әлде көшені тегіс тазалап, Сақтағановтың қақпасының алдын қалдырып кете ме?

Міне, осындай сұрақтарға тереңірек үңілсеңіз, кейіпкеріміздің кейбір тапсырмасы хайп қуған блогерлердің бейдауа пікірлеріне ұқсап кетеді. Оны айтасыз, Сақтағановтың әлеужелідегі жазбасы өз басына қамшы болып тиген кезі де бар. Семейді басқарып тұрғанда, бұл кісі инстаграммға бір ауыз сөз жазып, елді дүрліктіріп жіберген. Сондағы сөзі мынау еді: «Жалпы, қазіргі таңда қала жолдарының 78%-ы қанағаттанарлық жақсы деп есептеледі, біздің алдымызда 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 90%-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Жолдың сапасына ерекше назар аударылады».

Сақтағановтың бұл сөзінен «2025 жылға дейін отырсам, жолды қатырамын» деген меңзеу аңғарылады. Бірақ жұрт оған мән берген жоқ, «қала жолдарының 78%-ы қанағаттанарлық» деген тіркесті оқығанда, ішіп отырған шайларына шашалып қала жаздады. Сосын ерінбегендері қиқы-жиқы көшенің шұрық-тесік суреттерін әкімдіктің сайтына «ата» бастады. «Бұл масқара» деді, «жол – жол емес» деді, «78% емес, 7-8% шығар» деді, «көктем сайын көшенің асфальты қармен бірге ерісе, жол қалай жақсы болады?» деді.

Бірақ мұндай сөздердің бірде-бірі әкімді «еріте» алған жоқ. Қателестім, мүлт кеттім дегісі келмеді. Керісінше, «қатайып» алып, «Әкімдікке келіңіз, біз сізге құжаттар бойынша статистиканы көрсетеміз, содан кейін мұндай цифрлардың қайдан алынғанын көрсетеміз» деді.

«Кәне, көрсетші» деп әкімдікке ешкім бармады. Шынында, оның қажеті де жоқ еді. Өйткені әкім қағаздағы статистиканы көрсеткелі отырғанда жұрт жолдың шұрық-тесігін «түгендеп», көше-көшеде жүрген-ді.

Міне, осындай-осындай қызықтардан кейін «Сіңбе» атанған әкімге «Әлеужелінің атасы» деген және бір ныспы жамалған сияқты.

Нұрымбет Сақтағанов
Фото: ашық дереккөз

Боқтампаз әкім, болбыр басшы

Кейдеаймақтың жақсы атын облыстың басшысы шығармаса, жаман атын ауылдың әкімі шығаратын бір заңдылық бар. Өткен жылы Шілікті ауылдық округінің әкімі Қуаныш Төлеухан ауыл тұрғындарын балағаттап, бүкіл Қазақстанды дүрліктірген. Әлеужеліге тараған видеоға қарасаңыз, өңірді Сақтағанов емес, Төлеухан тіреп тұрғандай әсерде қаласыз. Себебі кәріне мінген әкім үстелді тоқпақтап, алдына келген адамдарды ұрып жіберетіндей түр көрсетеді. Ал балағат дегеніңіз, аузынан екі тілде қатар «ағып» жатыр.

Сосын не болды? «Нұрымбет Сақтағанов мемлекеттік қызметшілердің әдебі жөнінде жиналыс өткізді» деген ақпар тарады. Ел-жұрт «Бітті, облыс басшысы Төлеуханды жамбасынан бір тебеді» деп сенді. Ал нәтижесінде боқтампаз әкім орнында қалды. Есесіне, «Бейәдеп сөз айтқан ауыл әкімі жұмыстан қуылды ма?» деген сұрақ Сақтағанов Астанаға барғанда қарсы алдынан шықты. «Шілікті ауылының әкімі жұмыстан қуылған жоқ. Ол әкім – сол оқиғадан екі ай бұрын халықтың сайлауымен өткен әкім. Этика бойынша тиісті құзырлы комиссия бізге ұсыныстар жолдады. Біз оған қатаң сөгіс бердік», – деп жауап берді кейіпкеріміз.

Сонда дейміз де, халық сайлаған әкім қанша ай өткенше халықты боқтай беруіне болады? Құзырлы комиссияның шешіміне байланбай-ақ, ауыл әкімін шекесінен шертетін құзырет аймақ басшысының қолында неге жоқ?

Міне, бұл сұрақтардың жауабын енді Сақтағановтың өз басынан іздейміз. Естеріңізде болса, бұл кісі Семейді бес ай басқарған соң, жұмысынан босап қалған. Неге? Қандай себеппен? Мұны ешкім ашып айтқан жоқ. Бірақ Нұрымбет Аманұлының біреуді балағаттап, көзге түспегені анық. Ендеше, неге кетті? Неге кетірді?

Бейресми ақпараттарға қарағанда, Сақтағанов Семейді басқаруға келген 2021 жылы әкімдік пен жергілікті бизнес арасында текетірес ушығып тұрса керек. Қысқаша тұжырсақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде әкімдік қоғамдық көлік саласында компания құрады. Оның 49% үлесі жергілікті билікке тиесілі болған. Арада біраз уақыт өткенде серіктестер арасынан жік шығады. Олар бір-бірін келісімшарт талаптарын орындамады деп айыптай бастаған. Осы ырың-жырыңды шешу міндеті Сақтағановтың иығына артылған деген әңгіме бар. Алайда мәселе ушығып кеткенге ұқсайды. Соңы келгеніне бес ай жаңа болған кейіпкеріміздің кетуімен аяқталған.

Бірақ негізгі мәселе бұл емес. Негізгі мәселе, Сақтағанов ресми түрде қандай себеппен кетті? Денсаулығына байланысты орнынан босады. Бұл – біздегі қызметтен кетудің немесе кетірудің «классикалық» үлгісі. Өскендерді қоспағанда, жылы орнынан жылжығандардың бәрі – не «денсаулығына байланысты», не «өз еркімен» жұмысынан босайды.

Енді түсіндіңіз бе, бүкіл Қазақстан жұртының мойнын Шығысқа бұрған Шіліктінің әкіміне Сақтағанов неге осы «әдісті» қолдана алмады? Міне, осыған келгенде, саяси сарапшылардың пікірі екіге жарылады. Біреулері «Сақтағановта сабыр болғанымен, мінез жоқ» дейді. Енді біреулері «Қатал шешім қабылдауға «сіңбелігі» кері әсер етіп жатыр» дейді. Соңғысына салмақ берсек, «талай жылдан бері Шығыста жүрсе де, тоңды жерге сіңе алмаған қашқын су сияқты Нұрымбет Аманұлы да елге сіңе алмай жүр-ау» деп топшылауға тура келеді. Ал алдыңғы нұсқаға жіп тақсақ, «бұл кісі аймақ басқаруға емес, блогер болуға жаралған жан ба екен» деген ой туады. Былай қарағанда, екеуі де оңып тұрған жоқ. Ал егер үшінші нұсқа болса ше? Оны енді ШҚО әкімінің алдағы аяқ алысынан байқаймыз.

Нұрымбет Сақтағанов
Фото: ашық дерекөз

Әкімнің есебі мен елдің үміті

«Жыл қорытындысын шығара отырып, ең басты нәтижелерге тоқталғым келеді», – деді Нұрымбет Аманұлы, өткенде әлеуметтік желіде. «Атқарған жұмысымды неге айтпайсыңдар» дегізбес үшін бұдан да бірер ақпар берейік. Әкім бүй дейді:
✔️Шығыс Қазақстанда «Altai Invest» форумы өтті. Соның аясында жалпы сомасы 740 млрд теңгені құрайтын инвестициялық келісімдерге қол қойылды.
✔️Ауыл шаруашылығы саласында жаңа өндірістік нысандар іске қосылып, шаруаларымыздың өз өнімдерін шетелдік нарыққа шығаруына мүмкіндік беретін зертхана ашылды. Облыс орталығында 45 мың тоннаға дейін көкөніс сақтауға арналған қоймалары бар көтерме-тарату орталығы жұмысын бастады...

Сақтағановтың сөзіне қарасаңыз, бітуге жақындап, соңына таяп қалған жобалар да аз емес көрінеді. Алайда олардың бәрін тізбектей беру шарт емес. Мәселе, ашылды деген жобалардың қайта жабылып қалмауында ғой. Әрі қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде атқарылған шаруа керек. Әйтпесе, «қала жолдарының 78%-ы қанағаттанарлық» деген сияқты статистикалар халыққа ас, жұртқа нан болмайды.

ШҚО-ның ең басты проблемасы не? Экологиялық мәселе – өңірдегі қала біткеннің екі өкпесін қысып тұр. Әсіресе Өскеменде ауаның ластануы жоғары деңгейде. Өнеркәсіп қалдықтарын жою мен ауыз су мәселесі өзекті. Міне, Сақтағанов күш шығарам десе, осы шаруалармен шұғылдануы керек. Ел-жұрт әкімнен осыны күтеді.

Түйін

«Біздің мақсатымыз – облыс халқының санын 1 млн-ға дейін жеткізу. Ол үшін елді мекендерді газбен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, шекара маңындағы аумақтарды жандандыру жоспарлануда. Бұл қадамдар халыққа жайлы өмір сүру мен дамуға жағдай жасайды», – депті Нұрымбет Сақтағанов тағы бір сөзінде. Алайда мақсатының межесін көрсетпепті. Семейдегідей «2025 жылға дейін жол жөндеуді 90 пайызға жеткіземін» демепті. Соған қарағанда «денсаулығым» сыр беріп қалып жүре ме» деп өзі де күдіктенетін сияқты.

Бірақ мақсатының маңыздылығында мін жоқ. Елді мекендерге газ тартылса, үй жылы болады. Үй жылы болса, ерлі-зайыптылар бір-біріне жақындайды. Яғни, өмірге бала келеді. Сөйте-сөйте қазіргі 720 мың халық 1 миллионға жетуі де мүмкін. Лайым солай болсын! Әйтеуір айтқаны жолда қалған көпбалалы әкім күні ертең «Жалғыз өзім жеті бала таптырдым, сендер не істеп жүрсіңдер?» деп қол астындағыларды ұрсып жүрмесе болды...

Сансызбай НҰРБАБА

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз