Live

Канн кинофестивалінде жүлде алған Звягинцев Путинге "соғысты тоқтат" деді

Ресейлік режиссер Андрей Звягинцевтің «Минотавр» фильмі Канн кинофестивалінің Гран-при жүлдесін жеңіп алды.

Звягинцев

Бұл — фестивальдегі «Алтын пальма бұтағынан» кейінгі екінші ең беделді марапат.

Марапатты алу кезінде Звягинцев Украинадағы соғысқа қатысты мәлімдеме жасап, Ресей президенті Владимир Путинке тікелей үндеу жолдады.

«Майданның екі жағындағы миллиондаған адам қазір бір ғана нәрсені қалайды: адамдардың шексіз қырылуы тоқтаса екен дейді. Бұл қасапты тоқтата алатын жалғыз адам — сіз, Ресей Федерациясының президенті. Осы соғысты тоқтатыңыз. Бүкіл әлем соны күтіп отыр», – деді режиссер.

Зал оның сөзін ду қол шапалақпен қарсы алған.

«Минотавр» драмасы Канн фестивалінің негізгі байқау бағдарламасында көрсетілді. Фильм ежелгі грек трагедияларынан шабыт алып түсірілген. Картинада жеке өмірі мен саяси шешімдердің арасында қалған кәсіпкердің тарихы баяндалады.

Звягинцевтің соңғы фильмі — «Махаббатсыз» («Нелюбовь») — тоғыз жыл бұрын шыққан еді. Оның премьерасы да Каннда өткен.

Режиссер ұзақ үзілісті ауыр COVID-19 індетімен және Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін Францияға эмиграцияға кетуімен байланыстырған.

«Минотавр» фильмі 2025 жылы Ригада түсірілген. Картинаны халықаралық прокатқа Mubi сатып алған.

Фильмде Анатолий Белый, Варвара Шмыкова және басқа актерлер ойнаған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз