Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:00, 13 Ақпан 2024

Қарашөкеев білім саласын қараусыз қалдырды

Қарашөкеев
Фото:

Аудан әкімдерінің есебін тыңдап, облысқа бөлінген бюджет қаражатын игеруді ойлап, Ақордаға кіріп-шығып жүрген Ербол Қарашөкеевтің назарынан аймақтағы үлкен кесел тыс қалып келеді.

Әркімге бір сөгіс жариялап, қатулы түр көрсеткенше, Ербол Шырақпайұлы облыстағы мектеп жағдайын, білім ахуалын қадағаласа болар еді.

Мәселен, Таразда 9-сыныпта оқитын қыз сыныптасын саябаққа серуендеуге шақырып, тамақ тұсына (мойнынан) пышақ сілтеген. Ол бұл ойын іске асыру үшін алдын ала дайындалып, ас үй пышағын өзімен алып барған.

Жәбірленушінің көрер жарығы бар екен, пышақ жарақатынан аман қалған. Тиісті ем-домын алғаннан кейін үйіне жіберіліпті. Ал сыныптасына суық қару жұмсаған қызды психологиялық аурулар клиникасына жатқызған.

Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова сыныптасына пышақ сілтеген қыздың бұған дейін де бірнеше рет тәртіп бұзушылықпен аты шыққанын, бірақ мектеп әкімшілігі жасырып-жауып келгенін айтады.

Қатыгездік танытқан қыздың анасы сол мектепте тарих пәнінен сабақ береді екен. Ол қызының мінез-құлқының бұзыла бастағанына үш жылдай болғанын айтып, көзіне жас алды.

«Үнемі қабырғаға басын ұратын. Ішінен бір дауыс маза бермейтінін айтатын. Қалай істегенін білмейді. Өзінің қолын да кесіп тастаған. Үйге қан-жоса болып келді», – дейді анасы Н.Дінбаева.

Бұл іс бойынша полиция тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқушы қыздардың осынау оқыс әрекетінен соң барлық мектепте тексеріс басталды дейді білім басқармасының басшылары. Қазіргі таңда полиция басқармасында 58 оқушы бұзақылық бойынша тіркеуде тұрған болса, тағы 129 баланы да бақылауға алған.

«Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» дейді қазақ. Мектептерді жаппай тексеру басталды деп, құдды әрекетшіл шенеуніктерше сөйлегенше осы уақытқа дейін неге тиісті шаралар жүргізілмеген? Үш жыл бойы баланың бойындағы өзгерістерді байқаған ата-ана неге қызын мектепке жібереді. Ал мектеп басшылығы осы уақытқа дейін ол оқушының тәртіпсіздіктерін неге жасырып келгенін мүлде түсінбейсің.

Бірер жыл бұрын Тараз қаласындағы №6 мектептің 13 жасар оқушысы токсиндік мас күйінде сол мектептің 4-ші сынып оқушысын өлтіріп қойғаны әжептәуір шу болған еді. Бірақ бұдан шыққан қорытынды болмай тұр. Бұл күндері де Жамбыл облысында жасөспірімдер қылмысы өршіп, жағдай ушығып тұр. Айталық, өңірде кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыс 17,9 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш Шырақпайұлын алаңдатпайтын секілді. Бұған қарағанда облыс әкіміне облыстық бюджеттің игерілу көрсеткіштері маңызды болып тұр.

Жамбылдың желіккен жасөспірімдері елімізге бұрыннан бұзықтығымен әйгілі, тәртіпсіздігімен танымал ғой. Бірақ бұрынғыны қазбаламай, білім ордаларындағы бүгінгі жағдайға назар аударсақ та төбе шашың тік тұрады. Жаңатаста орын алған 12 жасар қызды зорлау дерегi мен Киікбаев мектебіндегi жаппай улануға байланысты істер қоғамда резонанс тудырғаны белгілі.

Оқушы қыздың оспадарлығын жасырып-жауып келген №35 мектептің директоры мен психологы жұмыстан босатылған. Бұл әрекет ешқандай мәселені шешпейтін болса керек. Білім саласының Ербол Қарашөкеевтің назарынан мүлде тыс қалғанын мынадан-ақ байқауға болады. Қазіргі таңда Жамбылда 60-тан астам мектепте директор тағайындалмай тұр. Алды жылға жуықтады. Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысының орынтағы да бос тұр. Шырақпайұлы бос орындарға тиісті адамдарды бекітіп, нақты мәселемен айналыса ма? Әлде әкімдерге сөгіс жариялап, қаражатқа алаңдаумен күнін өткізе ме?

Нұрболат ӘЛДИБЕК

Жамбыл облысы