Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:17, 21 Ақпан 2024

Қарашөкеевтің аппарат басшысы жұмысын арыз жазудан бастады

Қарашөкеев

Жамбылға әкім болғанына жарты жылға жуықтаған Ербол Қарашөкеев аппарат басшысы мен бір орынбасарын тағайындады демесеңіз, әзірге апыл-ғұпыл шешім шығарып, апыр-топыр ауыс-түйіс жасап жатқан жоқ.

 Ауыл шаруашылығы вице-министрі деген лауазымын тастап, туған жері Әулиеатаға облыс әкімінің орынбасары болып оралған Әбілхайыр Тамабек Жамбылда нендей ісімен елдің есінде қалатынын алдағы уақытта көре жатармыз. Ал мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы – әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы болып жүрген жерінен Қарашөкеев өзіне аппарат басшысы етіп аттай қалап алдырған Лесбек Илебаев жұмысын арыз жазудан бастағандай...

«Бүгін арызбен танысып, түсініктеме жазып келдім. Арызданушы Лесбек Илебаевтың айтуынша, мен оның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, сондай-ақ беделін түсіретін жалған мәлімет таратыппын. Оған қоса, сыбайлас жемқорлық жасады деп айыптаумен ұштасқан іс-әрекеттер көрсетіппін. Осыған байланысты маған заңнамада көзделген шараларды қолдануды сұрапты», – дейді жамбылдық журналист Жасұлан Әбдіхалық.

Қайбір күні Жасұлан Әбдіхалық фейсбуктегі парақшасына «Майда шүйдеге араласатын Мәди Мәтен кетіп, идеологияға Лесбек Илебаев келіп іріленетін шығармыз дегем... Рас екен. Іріленіп кеткеніміз соншалық, откат 70 пайызға жетіпті» деп басталатын жазба жариялаған. «Dalainside» ақпаратына сүйенген ол «Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасы арқылы өтетін мемлекеттік тапсырыс алудың откаты или шәпкісі 70% болыпты» деп жазады. Сөзінің соңын «Ал енді бұл ақпарат рас болсын, мейлі жартысы өтірік болсын, жаңа келген идеолог Илебаевқа абырой әпермейді.

Аппаратқа АГС тен адам келген кезде откат 70%-ға жетті деген масқара!

Бірақ бір жағынан түсіністікпен қарау керек сияқты. Қарашөкеевтің пиары өте көп. Оның барлығын жазу, жариялау, ролик түсіру үшін көп қаражат керек. Сол үшін де откатты көтерген шығар. Нұржігітовтің кезінде 30% деп естуші ек» деп қайырады.

Міне, Қарашөкеевтің Жамбылдың идеологиясына жауапты етіп шақырған Илебаевтың арыз жазуына журналист жазбасының осы жолдары жеткілікті болыпты. Алайда Әулиеата әкімінің су жаңа аппарат басшысы журналисті жалған ақпарат таратты деп жазалау үшін алдымен ақпарат шыққан сайтты сотқа беру керек екенін, ол ақпараттың жалған екенін дәлелдеп алуды қажет деп таппаған сияқты.

Ербол Шырақпайұлы Әулиеатаға әкім болып келе салысымен журналистермен кездесуінде «Мен айтылған сынға оң көзбен қараймын. Бір-екі күн ашуланып жүруім мүмкін. Бірақ бәрін ұмытып, сыннан қорытынды шығаруға тырысамын. Сынды жақсы қабылдаймын» деген болатын. Әсілінде, «әкімдікте істейтін лауазымды тұлғалар құқық қорғау орындарына қандай да бір арыз-шағым жазарда өзінің тікелей басшысының келісімін алуы керек» деген жазылмаған қағида бар деп естиміз. Мұны айтып отырғанымыз, идеолог Илебаев арыз жазарда Қарашөкеевке «бір қаратып» алды ма, гәп сонда. Бұл ретте идеолог Илебаев «келін ененің топырағынан» деген теңеуге кері болып тұр ма, әлде журналистің үстінен арыз жазуын әкімнің өзі де қостап отыр ма, осы жағы түсініксіз болып тұр.

Нұрболат ӘЛДИБЕК

Жамбыл облысы