Қарлығаш Жаманқұлова «Әділ сөз» қоры президенті қызметінен кететінін мәлімдеді
Халықаралық сөз бостандығын қорғау «Әділ сөз» қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, қордың құрылтайшыларына президенттік өкілеттігін тоқтату және Құрылтай сайлауына кандидат ретінде ұсынылуына байланысты мүдделер қақтығысына жол бермеу үшін құрылтайшылар құрамынан шығу туралы өтініш жолдаған.
«Бүгін мен құрылтайшылар жиналысына Халықаралық сөз бостандығын қорғау "Әділ сөз" қоры президенті өкілеттігін тоқтату, сондай-ақ Құрылтай сайлауына кандидат ретінде ұсынылуыма байланысты рөлдер қақтығысының туындауына жол бермеу мақсатында құрылтайшылар құрамынан шығу туралы өтінішімді жолдадым», – деп жазды Жаманқұлова.
Ол «Әділ сөз» қоры өмірінің әр кезеңінде өзіне үлкен мектеп болғанын айтып, ұйымның сөз бостандығын қорғау, медиа заңнамасын жетілдіру және журналистердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы еңбегін жоғары бағалады.
Сондай-ақ Қарлығаш Жаманқұлова қор ұжымына, серіктестеріне және еліміздің барлық өңіріндегі әріптестеріне сенімі мен бірлескен еңбегі үшін алғыс білдірді.
Оның сөзінше, жақын уақытта қордың құрылтайшылары жаңа президентті сайлап, бұл жөніндегі шешімді ресми түрде жариялайды.
«Жаңа басшыға шын жүректен табыс, парасатты шешімдер мен толайым жетістіктер тілеймін. "Әділ сөз" қоры Қазақстанда сөз бостандығын қорғау жолындағы өз маңызды миссиясын алдағы уақытта да абыроймен жалғастыра беретініне сенемін», – деді Қарлығаш Жаманқұлова.