Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:05, 11 Маусым 2024

Кәрім Мәсімовтен кешірім жасау туралы өтініш әлі түспеген

Мәсімов
Фото: el.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтен кешірім жасау туралы өтініш әлі түскен жоқ. Бұл туралы президент жанындағы кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Марат Башимов Азаттық радиосына хабарлады.

«Біз Мәсімовтің кешірім жасау туралы өтінішін әлі алған жоқпыз», - деді Марат Башимов.

Сондай-ақ, Башимов президентке кешірім жасау туралы өтініш жолдау алдында бірқатар әрекеттердің бар екенін атап өтті.

«Алдымен өтініш келеді. Одан кейін Жоғарғы Сотқа, Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және бас бостандығынан айыру жазасын өтейтін жерге сұраныстар жіберіледі, себебі ақпарат жинау керек. Содан кейін дауыс беру арқылы кешірім беруге негіз бар-жоғын анықтайтын комиссия отырысы өтеді. Осыдан кейін комиссия шешім қабылдап, президентке жібереді. Басқа түсініктеме бере алмаймын», - деді Башимов.

Айта кетейік, 9 маусым күні БАҚ-та Кәрім Мәсімовтың президентке кешірім беру туралы өтініш жазғаны жайлы ақпарат тарады. Онда Мәсімовтың наурыз айында өтініш жолдағаны айтылған.