Қоғам

Қасым-Жомарт Тоқаев Одрэ Азулеге Qoja Ahmet Yasaui орденін табыстады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одрэ Азулеге Qoja Ahmet Yasaui орденін табыстады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Одрэ мен Тоқаев

Мемлекет басшысы Одрэ Азуленің ЮНЕСКО-дағы қызметіне жоғары баға берді.

«Сіздің дана әрі мықты басшылығыңыздың арқасында ЮНЕСКО диалог пен ынтымақтастықтың маңызды алаңына айналды. Жаһандық тұрақсыздық пен қақтығыстар жағдайында Сіздің үніңіз білім мен мәдениеттің бейбітшілікті қамтамасыз етудегі басты құрал екенін үнемі еске салып отырды. Қазақстанның бай тарихи және мәдени мұрасына деген шынайы ықыласыңыз біздің серіктестігімізді жаңа деңгейге көтерді», — деді Тоқаев.

Президент Одрэ Азуленің Қазақстанның тарихи жадысын, мәдени құндылықтары мен интеллектуалдық мұрасын халықаралық деңгейде танытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

«ЮНЕСКО бастамалары мен бағдарламаларының арқасында әлем Қазақстанның бірегей өркениеттік мұрасын тереңірек тани түсті. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бастап Ұлы даланың мәдени ландшафттарына дейінгі мұра кеңінен насихатталды. Сондықтан Сізге Qoja Ahmet Yasaui орденін табыстау мен үшін зор мәртебе. Сіз Қазақстан үшін, әсіресе еліміз үшін аса маңызды Ясауи кесенесіне қатысты көп еңбек сіңірдіңіз», — деді мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Одрэ Азуле жоғары марапат үшін алғыс айтты.

«Президент мырза, көрсетілген құрмет үшін шын жүректен ризамын. Менің Қазақстандағы алғашқы қадамдарым Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қолдаумен байланысты болды. Бұл жердің тарихи ғана емес, рухани маңызын да сезіндім. Сондықтан ұлы ойшылдың құрметіне тағайындалған жаңа орденнің иегері атану мен үшін үлкен мәртебе», — деді ол.

Тегтер: Тоқаев
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз