Кәсіпкерлікті қолдау – экономика үдерісі
1,6 млн адам немесе ұйым. Бұл Қазақстанда 2023 жылы тіркелген кәсіпкерлер мен кәсіптік ұйым саны.
Статистикаға сүйенсек, 2022 жылмен салыстырғанда жеке кәсіппен айналысушылар саны 25,6 пайызға өскен.
Кәсіпкерлер санының артуына бірден-бір себеп – жылдан-жылға кәсіпкерлерге қолайлы бағдарламалар республика дәрежесінде енгізіліп жатыр. Мысалы, ел президенті соңғы жолдауында: «Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе», – деп атап көрсетті. Бұның өзі кәсіпкерлерге қолдау жасалу басты маңызды мәселелердің бірі екенін аңғартады.
Биылғы жылы кәсіпкерлерді қолдау және ынталандыру мақсатында үкімет инфрақұрылымды дамыту, жеңілдетілген қаржы бөлу және отандық өндірушілер салықтық жеңілдіктер, субсидиялар және басқа да қолдау түрлерін ала алатын офтейк-келісімшарттар жасау бойынша шаралар қабылдап жатыр. Үкімет кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, түрлі қаржылай көмек көрсету керектігін ұғынып, әлі де бірқатар бағдарламалар әзірленетінін жариялады. Қазірдің өзінде елдегі бизнес дамуының қарқыны өте жоғары болып отыр. Бұл туралы ҚР премьер-министрі үкімет үйінде орта бизнес өкілдерімен кездесуінде айтты.
«Кәсіпкерліктің даму қарқыны жақсы. Экономикадағы ШОБ үлесі 36,5%-ға дейін, осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 18%-ға өсті. Бизнестің нақты проблемаларын шешу арқылы бұл трендті сақтап қалу керек» – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы қазіргі уақытта республикада бизнеске қойылатын артық талаптарды қысқартып, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды автоматтандыру жүргізіліп жатқанын және келесі жылдан бастап тәуекелдерді басқару жүйелері негізінде арнайы маманның қатысуынсыз тексеру тағайындауға мүмкіндік беретінін жеткізді. 2024 жылдан бастап тексерулер санын азайтып, олардың тиімділігін арттыру мәселелері шешілмек.
Жағдайды өңірлер бойынша тарқататын болсақ, кәсіпкерлердің негізгі бөлігі мәдени астанамыз – Алматыда жұмыс істейді. Шаһарда 195,1 мың кәсіпкер өз кәсібін дөңгелетіп отыр және өткен жылмен салыстырғанда олардың қатары бір жылда 56,7% көбейген. Екінші орында Түркістан облысы 172,8 мың жеке кәсіпкермен, былтырмен салыстырғанда 28,6% жоғарылап, екінші межені місе тұтқан. Елордада 137 мың жеке кәсіпкер тіркеліп, өткен жылда бизнес өкілдері саны 30,1%-ға артып, үшінші орынға жайғасты.
Ал ең жоғары жылдық өсімді Шымкент қаласы қанжығасына байлады. Қаладағы кәсіпкерлер үлесі 59,5% ұлғайып, қазіргі уақытта 90,6 мыңға жетті. Солтүстік Қазақстан облысында жағдай, керісінше, ең төменгі өсім 9,2%-ға көбейіп, 26,2 мың кәсіптік ұйыммен шектеліп отыр.
Кәсіпкерлердің өңірлік бөлінісінен жеке салалық бағдардағы пайызы да әртүрлі. Ресми мәліметтерге сәйкес, кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы, яғни 36,5%-ы көтерме-бөлшек сауда және автожөндеу саласында қызметтерін атқарып жатыр. Бұл 539,2 мың жеке кәсіпкер, қуантарлығы бір жыл бұрынғыдан 47,2% өсім бар. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің негізгі жұмыс істейтін салалары: көлік-логистика секторы, агроөнеркәсіптік кешен, жылжымайтын мүлікпен операциялар және өңдеу өнеркәсібі екені анықталды.
Кәсіпкерлерді қолдау бағдарламалар жұмысы да өз жемісін беріп жатыр. Биылғы жылдан бастап елімізде кәсіпкерлерді қолдаудың қаржылай және қаржылай емес қолдау шаралары жүзеге асуда. Себеп – қаржылық шаралардың ішінде несиелерді субсидиялауға сұраныстың көптігі. Осы орайда «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар 2022 жылдан бастап «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025» жылдарға арналған ұлттық жобасына еніп үлгерді. Жоба қаржылай қолдау шаралары бойынша сыйақы мөлшерлемесі бөлігінде мемлекет несиелерді 13,75% субсидиялайды, ал кәсіпкерлер қалаларда оның тек 8%-ын және ауылдық жерлерде 7%-ын ғана мемлекетке қайтарады.
Екі мемлекеттік бағдарлама іске асырылғалы бері 95 мың кәсіпкерлік жоба 7 трлн теңгеге жуық субсидиялаумен қолдау тапқан. Кредиттерге кепілдік беру бағдарламасы бойынша 1,4 трлн теңге көлемінде 57 мыңнан аса несие кәсіпкерлерге таратылған. Сонымен қатар биыл «қысқа несиелер» деп аталатын шағын несиелеу құралы да іске қосылды. Онда инвестициялық мақсаттарға 3 жылға 20 млн теңгеге дейін, ал айналым капиталын толықтыруға 2 жыл мерзімге 5 млн теңге беріледі. Аталмыш жоба аясында 255 млрд теңгеге 38 мыңнан аса жобаға мемлекеттен қолдау көрсетілген.
Қаржылай қолдаулардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі уақыт өте артып келеді. Қайтарымсыз негіздегі мемлекеттік гранттар беру де табысқа кенеліп отыр. Өткен 10 жылдық аралығында кәсіпкерлер үшін 17,6 млрд теңге сомасына 5 600-ден аса грант үлестірілген. Жоғарыда аталған бағдарламалар іске асырыла басталғалы бері 120 мың жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке 53 трлн теңгеден аса сома салық төленді.
Кәсіпкерлікті дамыту бойынша мемлекеттік қолдау шаралары ауылды алыстан айналып өтпеді. Дәлел, ағымдағы жылда «Ауыл аманаты» бағдарламасына 100 млрд теңге қаржы бөлінген. Республика құрамындағы ауыл-аудандарда 4 600-ден астам өтінім мақұлданып, 25 млрд теңге сомасында несие өз иелерін тапқан. Бағдарламаға бөлінген 100 млрд теңге биыл шамамен 17 мың кәсіпкерге ғана шағын несие беруге есептелген. 2029 жылға дейін бағдарлама ауқымы кеңейіп, ауылдықтарға 1 трлн теңгеге дейін қаржы бөлу жоспарланған. Сондай-ақ республика бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отырған бірегей жоба аясында, 1300 ауыл тұрғынына саны 4 580 бас болатын тауарлық несие түрінде мал берілді.
Жобаның тиімді шарттарының бірі – кредиттері бар және аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға тауарлық кредит беру тетігі болып отыр. Ерекшелігі – бюджеттің бірде-бір тиыны жұмсалмайды. Кепілді қажет етпейді, пайыздық өсімдер қосылмайды. Сонымен қатар несиенің қайтарымы ақшалай емес, алынған төл есебінен болады.
Ауыл тұрғындарына, оның ішінде ауыл шаруашылығымен айналысатындарға арналған басқа да несиелеу бағдарламалары бойынша лизингке жем-шөп дайындау техникасын сатып алу мүмкіндігі бар. 2023 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ жем-шөп дайындау техникасы мен суарудың мобильді жүйелерін сатып алу және лизингке беру үшін 20 млрд теңге бөлді. Бұл ретте жылдық сыйақы мөлшерлемесі небәрі 6%-ын құрайды. Лизинг мерзімі 10 жылға дейін, ал аванс техника құнының 15%-нан басталады.
Мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге де қолдау жоқ емес. Оған дәлел ағымдағы жылдан бастап жастарға жеңілдетілген шарттары бар 5 млн теңгеге дейін микрокредит берілмек. Кәсіпкерлік қолға алуға ниетті 21-35 жас аралығындағы азаматтарға 2,5 пайыздық микрокредит рәсімделді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, аталған жастар жобасы бойынша 2023 жылдың 25 тамызға дейін 5,6 мыңнан астам өтінім түсіп, 3 750 жоба мақұлданды. 2922 жобаны іске асыруға 12,9 млрд теңгеге несиелер берілді. Ал қалған жобалар қаржыландыру барысында.
Несие алушылардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығына икемделгендер, атап айтқанда, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы. Одан бөлек, қызмет көрсету, сауда, жеңіл өнеркәсіп салаларында кәсіп бастағысы келетіндер де бар.