Каспий теңізінде жер сілкінісі тіркелді
Каспий теңізі акваториясында жер сілкінісі байқалды. Бұл туралы Lada.kz басылымы хабарлады.
Мәліметтерге сәйкес, жер асты дүмпулері 2 мамыр күні жергілікті уақытпен сағат 10:50-де тіркелген. Ақпаратты Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының сейсмологиялық қызметі ұсынған.
Сейсмологиялық деректерге сүйенсек, жер сілкінісінің магнитудасы 3,0 балл болған. Ошақ 27 шақырым тереңдікте орналасқан. Гипоцентр координаттары – 38°46′48″ солтүстік ендік пен 49°31′48″ шығыс бойлық.
Жер сілкінісінің эпицентрі Ақтау қаласынан шамамен 562 шақырым қашықтықта болған.
Мамандардың айтуынша, сәуір айының басынан бері Каспий теңізі аумағында 20-дан астам жер асты дүмпуі тіркелген. Бұл аймақтағы сейсмикалық белсенділіктің артқанын көрсетеді.