Руханият

«Кассандра»: қорқынышты түстен басталған күрес

Жақын күндерде экранға шығып, еліміздің барлық кинотеатрларында жүріп жатқан «Кассандра» (18+) фильмі – қазақ пен қырғыз киногерлерінің бірлесіп көркемдеген өнімі.

 «Кассандра»

 Атақты Ш.Айтматовтың шығармасы мен халықтық мифологияға негізделген фильм оқиғасы көрерменге ой салады. Кассандра атауына мән берсек: ежелгі грек мифологиясының кейіпкері Кассандра – Трояндық патшайым және оған көріпкелдік қасиет берілген. Өкінішке қарай, Аполлон құдай Кассандраға ғашық болса да, оның көріпкелдікпен айтқандарына ешкім сенбейтін етіп қойған деседі. Ал психологияда «Кассандра комплексі» дейтін феномен орын алған. Онда адам баласындағы барлық мәселенің шешімін дұрыс және нақты сезіне біледі. Алайда маңайындағылар айтқандарына мән бермей, бағаламай, қадірін білмей жатады.

Қырғыздық режиссер Бекзат Пирматов фильмді мистикалық этно-хоррор стилінде 1980 жылдардағы өмірді суреттейді. Басты кейіпкердің соңына түскен қара энергетикалы Албастының кесірінен көрген сұмдық оқиға фильмге арқау болған. Фильм бізге беймәлім параллельді әлемнің барын, олардың беймәлім сырының бір бөлігін көрерменге паш етті. Албасты образы – ағарған, шашы жалбыраған, түрі қорқынышты, сұм, адамға жамандық жасаушы жиіркенішті бейне болып шыққан. Фильмдерде талай жын-сайтанның бейнесі шыққаны белгілі, ал бұл жауыз Албасты образы көрерменнің зәре-құтын қашырып, хоррор жанрын айшықтай түскені рас. Фильмнің дәні «Қорыққанға қос көрінетінін» ескертеді. Мұндай жағдайға тап болған адам барынша батыл болып күресу керектігін айтады. Албасты секілді кейіпкерлер бар және олар да өз өмірлерін жалғастыра беретіні туралы қасиетті Құранда анық айтылады. Сондықтан да қазақ халқы одан сақтанудың түрлі жолдарын айтып, қасиетті Құран сүрелерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.

Фильмде көріпкел әйел бойындағы дарынын пайдаланып, халықты емдеп жүреді. Әсіресе бала көтере алмай жүрген жас әйелдер қаралып, шипа тауып, балалы болып жатқандықтан елге танылған. Көріпкелдің жаман энергетикалы құбыжықтармен алысатын көріністер өте қорқынышты. Бұл жағдайдың бәрі жанында жатқан еркегіне мәлім. Шырақтардың бәрі өшіп, электрден сөндіріліп тұрса да сайрап қоя берген радионы сыртқа алып шығатын еркектің қарбаласы, ерекше дауыстан оянып кетіп, шешесінің қылғынған, қиналған үстінен түсетін баланың қорқынышы көрерменді фильм оқиғасына еліте түседі. Бұл үйдің ауласында өсіп тұрған үлкен мама ағаш ерекше көзге ұрады. Көріпкелге қаралған әйелдердің барлығы сол ағаштың бұтағына шүперек немесе орамалын байлап кететін ырым бауырлас елдердің бәріне таныс. Фильмде көріпкел әйелдің жас кезі, бақытты шағы мен қартайғанда күйеуі мен баласы бірінен соң бірі сол қасиетті саналатын ағашқа асылып өлгеннен кейінгі, өмірдің теперішін көретін қартайған шағы қабат өрілген.

Картина ағыны қалада жұмыс істеп жүрген жап-жас қыздың оқиғасына ауысады. Қорқынышты бір түсті қайта-қайта көріп ұйықтай алмаймын деген шағымына дәрігер жай ғана мелотанин жазып бергенмен, қыз күйзеліп, ұйқы көрмей, бойындағы қорқыныш үдей түскен қыз қыстыға жылап, бар жағдайды жұмыстасына айтқан. Көріпкел әйел қызды емдеп шығуға уәде беріп, айтқанын бұлжытпай орындау, таңғы бесте сағатсыз ояну керектігін алға тартады. Бұл жерде бір ерекше бұйым – қыздың өзі тоқу керек кестесі. Қыз кестені бітіріп, өзінің көйлегін әсемдеуі тиіс. Үстіне көйлек киюі керектігі қыз бала үшін өте маңызды екенін ескертеді кейуана. Кемпірдің жас қызға жаны ашып, мейірімі түсіп, қыздың шашын өріп отырып батыл болуға, ол албасты буып қинағанда оннан кері қарай санап, шашынан жібермей мықтап ұстағанда жеңетінін сыр етіп айтқан. Қыз ұйықтап кетті... Ол барынша сыланып, қызыл көйлек киіп, сәнді ресторанда жігітпен бірге ас ішкелі келіпті. Даяршы қолы қалтыраған кемпір астың үлкені етті әкеп тәрелкелерге сала бергенде мұрны қанап, тамып үлгерді. Жігіт қатты жиреніп, терісіне сыймай ашуланды, өктем үнмен ақырғанда кемпірдің есі шығып, кешірім сұрап, кішірейіп бара жатты. Қыз құлап түсіп, мойнына сумаң қағып, оралып бара жатқан ұзын өрілген шаштың буындырғанынан қақалып, шашалып қиналуды. Ақыры қыз шашты мықтап ұстағанда жігіт шашын жіберуін, не керек болса соны орындайтынын айтып жалынды. Қыз бар жан тәнімен құбыжықтың өлгенін қалаған... Қыз айықты. Бойын жайлаған жамандықты жеңді. Көріпкел кемпір қызға көмектесіп, кестелі орамалын бетіне жапқан күйі өмірмен қоштасыпты. Фильм жаратушының жаратқандарынан болған жамандықтың емін де қоса беретінін, емшілер, көріпкелдерге берілген қасиет жайдан жай еместігін ескертеді.

Режиссер: Бекзат Пирматов, Продюсерлер: Әсел Шерниязова, Медер Сүйіндіков, Айжан Иманқұлова. Атқарушы продюсерлер: Әсел Давлетова
Сценарий авторлары: Бекзат Пирматов, Дмитрий Сое. Коюшы-оператор: Каныбек Калматов. Қоюшы-суретші: Бермет Лазарева. Композиторлар: Мурзали Жеенбаев, Александр Юртаев, Бостон Надырбеков.
Актерлер: Еңлік Айымғазы, Күлайым Каныметова,
Айнұр Качкынбекқызы, Шаршекүл Аманова, Жаннат Керимбаев,
Эльдияр Жарашев, т.б құралған шығармашылық топ көрерменді толғандыратын дүние жасаған. Режиссердің айтқан ойлары көрерменге әсер етпей қоймайды. Актерлермен жасаған жұмыс кәсіби деңгейді айшықтай түскен. Жас актриса Еңлік Айымғазының кино өнеріндегі дебюттік рөлі болса да ол өзінің таланттылығын таныта алды. Болып жатқан жағдайлар жүйкесін жұқартып, әбден қалжыратқан қыздың психологиялық жағдайлары мен кемпірдің үйіне келіп ұйықтап, сәл тыныштық тапқан кездегі мамыражай қалпы жас актрисаның актерлік қырын аша түседі. Көріпкел-емші рөліндегі Қырғыз Республикасының Халық әртісі Күлайым Каныметова шығармашылықтың тың үлгісін көрсетті. Күйеуі мен баласынан айырылған кейуана іші толған күйіктен әбден жапа шеккен қатал да суық болып көрінгенмен, күнәсі жоқ жас қыздың басындағы құқайды көргенде біртіндеп жібіп, аналық мейіріммен қарайды. Ол өзін тез жиып, қызға Албастыны жеңу үшін қайраттандырады. Фильм соңында өзінің өмірлік миссиясын орындап, артына құлаған күйі тыныштық табады.

Мәншүк Ташимова

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер

институты Театр және кино бөлімінің ғылыми қызметкері,

театртанушы

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз