Кассациялық сот Шымкент ҰҚКД басшысының бұрынғы орынбасарына кесілген үкімнің күшін жойды
Кассациялық сот Шымкент қаласы ҰҚК департаменті басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа тағайындалған 12 жылдық жазаның күшін жойып, іс қайта қарауға жіберді.
Сарбасовтың адвокаты Жасұлан Әсілбековтің айтуынша, кассациялық саты алқабилер қатысқан сот процесінде елеулі заңбұзушылықтар болғанын растаған. Атап айтқанда, алқабилердің дауыс беру тәртібі сақталмаған, сондай-ақ оларға қойылған сұрақтар күрделі заң терминдерімен тұжырымдалып, қарапайым адамдарға түсініксіз болған. Қорғау тарапы бұл мәселелерді бұған дейін де көтергенімен, сот оларды ескермеген. Кассациялық сот осы бұзушылықтарды үкім мен апелляциялық қаулыны жоюға негіз деп таныған.
Еске салайық, 2025 жылғы қазанда алқабилердің үкімімен Сарбасов Қылмыстық кодекстің пара алу, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру және қызметтегі әрекетсіздікке қатысты баптар бойынша кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал алаяқтық және пара беруге айдап салу айыптары бойынша алқабилер оны ақтаған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Сарбасов 2019–2020 жылдары жеке мектепке қамқорлық көрсету үшін кәсіпкерден 70 млн теңге пара алған. Кейін бұл қаражатқа екі пәтер сатып алып, оларды жалға беру және сату арқылы кіріс тапқан деген айып тағылған. Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері мен кәсіпкерге медициналық жабдықтарды мемлекеттік сатып алу кезінде 92 млн теңгеден астам қаржыны жымқырды деген айып қойылған. Сарбасов бұл заңсыздықтарды білгенімен, оларды тоқтатпаған деп айыпталған.
Іс бойынша басқа да сотталушыларға жаза тағайындалған. Шыңғыс Жанабаев жеті жылға сотталса, Ерлан Тышқанбаевқа жеті жыл шартты жаза беріліп, коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға бес жылға тыйым салынған. Айдос Сраилов бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын алғанымен, рақымшылық актісі бойынша негізгі жазаны өтеуден босатылған. Темірхан Варзилов төрт жылға бас бостандығын шектеуге сотталған. Төрт сотталушыға мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге де тыйым салынған.