Әлеумет

Қайрат Сатыбалды Алматыдағы Hilton қонақүйін басып алмақ болған

Алматыдағы ірі қонақүйлердің бірі – Hilton-ды заңсыз басып алу әрекеттері жүріп жатыр.

Қайрат Сатыбалды

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бәпи мәлімдеп, Үкіметке шұғыл депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, дәл қазіргі уақытта Алматы қалалық Әділет басқармасының шешімімен қонақүйді заңды меншік иесінен тартып алу, оның қызметкерлерін шығару және ғимаратты күштеп босату әрекеттері жүргізіліп жатыр.

«Бұл қонақүйде 250-ге жуық адам жұмыс істейді. Ең сорақысы, мұның бәрі шетелдік қонақтармен толып тұрған қонақүй ішінде, туристердің көз алдында болып жатыр. Мен осы депутаттық сауалдың тезистерін дәл қазір, осы залда отырып, қолма-қол жаздым», - деді Ермұрат Бәпи.

Басып алу әрекетінің артында кім тұр?

Халық қалаулысы бұл заңсыздықтардың артында нақты кімдердің мүддесі бар екенін ашық айтты. Оның сөзіне қарағанда, мүлікті тартып алу әрекеттерін Қайрат Сатыбалды ескі жүйенің ықпалын пайдалана отырып жүзеге асырмақшы.

«Бұл әрекеттердің артында Ескі Қазақстанның мүддесіне жасалып жатқан заңсыз, әділетсіз бассыздық тұр. Бұл — Ескі Қазақстанның сарқыншағы», - дейді депутат.

Ермұрат Бәпи бұл жағдай елдің халықаралық беделіне нұқсан келтіріп, заң үстемдігіне көлеңке түсіретінін айтып, тиісті органдардан бұл мәселеге шұғыл араласуды талап етті.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз