Қазақстандық команда Эверест шыңына сәтті көтерілді
Тарихта тұңғыш рет қазақ қызы «Kazakh Everest Team» командасының құрамында Эвересті бағындырды.
12 мамырда Непал уақытымен сағат 07:25-те құрамында Анар Борашева мен Мақсат Жұмаев бар, «Kazakh Everest Team» қазақстандық командасы әлемнің ең биік шыңы – Эверест шыңына (8 848 м) сәтті көтерілді. Бұл туралы «Kazakh Everest Team» баспасөз қызметі Непалдың Гималайда көтерілуге маманданған және қазақстандық экспедицияның ресми жолсерігі болып табылатын «Seven Summit Treks» компаниясына сілтеме жасап хабарлады.
8000 метрден жоғары биіктіктегі дауыл мен боран түріндегі күрделі ауа райы жағдайларына байланысты шыңды бағындыруға ниеттенген экспедициялардың көпшілігі бағытынан кері қайтты. Тек бес елдің альпинистері Эверестке сәтті көтеріле алды. Олардың арасында біздің отандастарымыз бар – тарихта әлемнің ең биік шыңына шыққан тұңғыш қазақ қызы Анар Борашева және еңбегі сіңген қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев.
Айта кетейік, М.Жұмаев Эверест шыңына осымен үшінші рет шықты.
«Kazakh Everest Team» командасының өрлеуі бес тәулікке созылды: 7 мамырда базалық лагерьден (5 350 м) шығудан басталып, содан кейін біздің альпинистер I Лагерь (6 100 м) арқылы өтіп, одан кейін II Лагерьге (6 400 м), III Лагерьге (7 100 м) көтерілді және IV Лагерьге (8000 м) жеткен соң одан әрі Эверест (8848 м) шыңына қарай тоқтаусыз жүріп отырды. Эверест шыңында «Kazakh Everest Team» спорттық-патриоттық экспедициясының қатысушылары Анар Бурашева мен Мақсат Жұмаев еліміздің туын орнатты.
Анар мен Мақсұт IV Лагерьде (8000 м) күрделі көтерілуден кейін төмен түсу үшін күш-қуатын қалпына келтіріп жатыр. Альпинистердің жағдайы қанағаттанарлық. Бірақ базалық лагерьге түсу үшін біраз күш жинауы керек.
«Kazakh Everest Team» экспедициясының қатысушыларын Эверест сияқты ең биік шыңды бағындыруымен құттықтаймыз!