«Қазақфильм» миллиардтаған теңге игеріп, небәрі 353 мың теңге таза пайда тапқан
Шәкен Айманов атындағы ұлттық «Қазақфильм» киностудиясы 2025 жылды небәрі 353 мың теңге таза пайдамен аяқтады.
2025 жылы студияның жалпы табысы 19,2%-ға төмендеп, 1,24 млрд теңгені құрады. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,54 млрд теңге болған.
Киностудия табысының барлығы дерлік мемлекеттік тапсырыстардан түскен. Оның ішінде:
967,1 млн теңге – Мәдениет және ақпарат министрлігіне кинөнім сатудан;
274,7 млн теңге – Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығынан алынған.
Негізгі мәселе – фильм өндірісіне кететін шығынның табыстан тұрақты түрде асып түсуі. 2025 жылы өндірістік шығындар 1,43 млрд теңгені құрап, нәтижесінде 185,4 млн теңге көлемінде жалпы шығын қалыптасты.
Бұған қоса, әкімшілік шығындар 970,4 млн теңгеге жетіп, студияның операциялық шығыны 1,16 млрд теңгені құрады.
Алайда қаржылық есептегі «өзге кірістер» бабы бойынша түскен 1,16 млрд теңге операциялық шығынды толық жауып, компанияны символикалық болса да пайдаға шығарған. Бұл кірістердің нақты қайдан түскені есепте көрсетілмеген.
2023 жылдың қарашасынан бері «Қазақфильм» акцияларының 100%-ы Мәдениет және ақпарат министрлігінің сенімгерлік басқаруына берілген.
Киностудия президентінің міндетін атқарушы Айдар Омаров 2025 жылы студия инфрақұрылымының тозғанын айтып, күрделі жөндеу жүргізу үшін ғимараттың екі қабатын Kinopark компаниясына жалға беруге мәжбүр болғандарын мәлімдеген.
Сонымен қатар, 2026 жылдың ақпанында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров «Қазақфильмнің» екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Киностудия реттеуші органға сенімсіз мәлімет ұсынғаны және сұраныстарға жауап бермегені үшін 2,8 млн теңге айыппұл алған.