Қазақстан азаматы Үндістанда қамауға алынған танкерде төрт айдан бері отыр
Қазақстан азаматы 11 мамырдан бері Үндістанда қамауда тұрған Unity мұнай танкерінің экипажы құрамында қалып отыр.
Теңізшілерді елдеріне қайтару мәселесі әзірге шешілген жоқ.
Кеме бортында 23 адам бар. Оның біреуі – Қазақстан азаматы, 20-сы – Ресей азаматы, оның ішінде кеме капитаны да бар. Тағы екі теңізші – Мысыр азаматтары.
Камерун туымен жүзетін танкер жүкті түсіріп болғаннан кейін кеме иесіне қойылған қаржылық талаптарға байланысты қамауға алынған. Даулы іске қатысушы екі компания да Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген. Істі Үндістанның Орисса штатының соты қарап жатыр.
Қазір танкер Парадип порты маңында зәкірде тұр. Бас консулдықтың мәліметінше, кеме жөндеуді қажет етеді және өздігінен әрі қарай жүзе алмайды.
Үндістан тарапы теңізшілердің елдеріне қайтуын оларды алмастыратын жаңа экипаждың келуімен байланыстырып отыр. Ресейдің «Согласие» сақтандыру компаниясы теңізшілердің атынан адвокат арқылы сотқа жүгініп, оларды елдеріне қайтаруды қамтамасыз етуді талап еткен. Келесі сот отырысы 21 қыркүйекке белгіленді.
19 тамызда кемеге азық-түлік пен ауызсу жеткізілген. Капитанның есебінше, қор қыркүйектің соңына дейін жетуі тиіс.
Бұған дейін теңізшілердің туыстары кемеде азық-түлік пен ауызсу тапшылығы болғанын, байланыс үзіліп, техникалық ақаулар туындағанын хабарлаған. Олардың айтуынша, экипаж мүшелерінің басым бөлігінің еңбек шарты аяқталған немесе қыркүйекте аяқталады. Ал кейбір теңізшілер кемеде он айдан астам уақыттан бері жүр.