Әлеумет

Қазақстан Орталық Азияда қандай көрсеткіштер бойынша көш бастады?

Қазақстанның Global Relocation Index-те 77-орынға ие болуы елдің шетелдік азаматтар үшін өмір сүру, жұмыс істеу және бизнес жүргізу тұрғысынан тартымдылығын көрсететін маңызды көрсеткіш.

1

 62,9 балл жинаған Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көш бастады. Рейтингте елдің өмір сүру құны мен тұрғын үй қолжетімділігі, қаржылық орта, қауіпсіздік, денсаулық сақтау және визалық жағдайы сияқты 24 көрсеткіш ескерілген.

Қазақстанның бұл нәтижесіне экономиканың өсуі, табиғи ресурстар, инвестициялық мүмкіндіктер мен географиялық орналасу қаншалықты әсер етті? Рейтинг елге шетелдік мамандар мен кәсіпкерлерді тартуға қандай мүмкіндік береді және Қазақстанның өңірлік экономикалық артықшылығы неде? Осы мәселелерге экономика ғылымдарының кандидаты Гүлжан Ислямовна Жакенова жауап берді.

- Rumavi агенттігінің Global Relocation Index рейтингінде Қазақстан 62,9 балл жинап, 192 елдің ішінде 77-орынға ие болды. Экономист ретінде бұл көрсеткішті Қазақстан экономикасының тартымдылығы тұрғысынан қалай бағалайсыз?

- Мен бұл нәтижені жалпы оң бағалаймын. 192 елдің ішінде 77 орын - жаман көрсеткіш емес. Бұл Қазақстанның шетелдік мамандар мен кәсіпкерлер үшін белгілі бір тартымдылығы бар екенін көрсетеді. Бұл жерде бір нәрсені ескеру керек: рейтинг тек экономиканы ғана бағаламайды. Мұнда өмір сүру құны, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, салық жүйесі және визалық жағдайлар да есепке алынған. Егер экономика тұрғысынан қарайтын болсақ, Қазақстанның позициясын елдегі экономикалық есіммен де байланыстыруға болады. Мысалы, 2025 жылы Қазақстанның ЖІӨ 6,5 % өсті, ал көлемі шамамен 306 млрд АҚШ долларын құрады.

Меніңше, Қазақстанның маңызды артықшылығы -экономикалық мүмкіндіктердің салыстырмалы түрде қолжетімді өмір сүру жағдайларымен қатар болуы. Бұл шетелдік мамандар үшін де, кәсіпкерлер үшін де маңызды фактор.

- Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші орынға шықты. Экономикалық тұрғыдан алғанда, Қазақстанның өңірдегі өзге елдерден артықшылығы неде?

- Қазақстанның Орталық Азияда бірінші орын алуы, меніңше, ең алдымен ел экономикасының ауқымымен байланысты. 2025 жылы Қазақстанның ЖІӨ-сі шамамен 306 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өңірдегі ең ірі экономика екенін көрсетеді. Бізде мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, энергетика және ауыл шаруашылығы сияқты экономиканың негізгі салалары жақсы қалыптасқан. Табиғи ресурстардың мол болуы да Қазақстанның маңызды артықшылығы болып отыр. Әрине, бұл мүмкіндіктердің қалыптасуы мен оларды тиімді пайдалануда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған экономикалық саясатының маңызы зор. Президенттің инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту және цифрландыру бағыттарына басымдық беруі еліміздің өңірдегі позициясын нығайтуға ықпал етіп келеді.

Бұған қоса, Қазақстанның Қытай мен Еуропа арасындағы орналасуы транзит пен логистика үшін үлкен мүмкіндік береді. Соңғы жылдары көлік-логистикалық инфрақұрылымға да көп көңіл бөлініп келеді. Мен тағы бір маңызды артықшылық ретінде қаржы және цифрлық инфрақұрылымның салыстырмалы түрде жақсы дамуын атап өтер едім. Бұл бағыттардың барлығы Мемлекет басшысының елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған саясаты аясында жүйелі түрде дамып келеді. Сондықтан Қазақстанның өңірдегі артықшылығы бір ғана көрсеткішпен емес, экономиканың көлемі, ресурстар, географиялық орналасу және инфрақұрылымның қатар болуымен түсіндіріледі.

- Индекс 24 жеке көрсеткішке негізделген. Осы көрсеткіштердің ішінде Қазақстанның экономикалық тұрғыдан жоғары бағалануына ықпал ететін негізгі факторлар қандай деп ойлайсыз?

- Менің ойымша, Қазақстанның жоғары бағалануына ең алдымен өмір сүрудің салыстырмалы қолжетімділігі әсер еткен. Рейтингте жалпы қолжетімділік көрсеткіші 98 балл, ал тұрғын үйдің қолжетімділігі 86 балл болды. Қаржылық және салықтық жағдай бойынша Қазақстан 79 балл жинағаны да маңызды көрсеткіш деп ойлаймын. Бұл шетелдік мамандар үшін Қазақстанда жұмыс істеп, табысын тиімді пайдалануға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.

Мұнда Мемлекет басшысының 2025-2026 жылы шетелдік инвесторлармен жүргізген келіссөздерін де атап өткен жөн. Мәселен, Қытаймен келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, цифрландыру, жасанды интеллект, атом энергетикасы және көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобалар талқыланды.

Сонымен қатар, Қазақстанның табиғи ресурстары мен ірі нарығы да елдің экономикалық тартымдылығын арттырады. 2025 жылы экономикамыздың 6,5% өсуі де елдегі экономикалық белсенділіктің жоғары екенін көрсетеді.

- Рейтинг өмір сүру құны, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, салық жүйесі және визалық жағдайларды да қамтиды. Осы факторлардың экономикалық тартымдылықпен байланысы қаншалықты тығыз?

- Менің ойым бойынша бұл факторлардың экономикалық тартымдылыққа әсері өте үлкен. Адам елді таңдағанда тек жалақыға емес, күнделікті өмірінің қанша тұратынына да қарайды. Мысалы, Rumavi рейтингінде Қазақстанда өмір сүру қолжетімділігі 98 балл, ал тұрғын үйдің қолжетімділігі 86 балл деп бағаланған. Қаржылық және салықтық жағдай бойынша Қазақстан 79 балл жинаған. Бұл көрсеткіштер шетелдік маман үшін Қазақстанда тапқан табысының бір бөлігін сақтап қалуға мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Қауіпсіздік пен тұрақтылықтың 59,8 балл болуы бұл бағытта әлі де жұмыс істеу керек екенін көрсетеді. Денсаулық сақтау бойынша көрсеткіш 59,5 балл. Мемлекет басшысы атап өткендей, 2019 жылдан бері елімізде шамамен 1300 денсаулық сақтау нысаны ашылды. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жуықтап, Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр. Бұл – денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бағытындағы жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі. Визалық жағдайдың 68 балл болуы шетелдіктер үшін белгілі бір мүмкіндіктер бар екенін көрсеткенімен, оны одан әрі жеңілдетуге болады. Менің ойымша, осы факторлардың барлығы бір-бірімен байланысты. Себебі маман немесе кәсіпкер елге келгенде тек жалақыны емес, "осында тұру маған қаншалықты тиімді және жайлы?" деген сұраққа жауап іздейді. Сондықтан Қазақстанның экономикалық тартымдылығын арттыру үшін тек ЖІӨ өсіміне емес, адамдардың өмір сүру сапасына әсер ететін факторларға да көңіл бөлу қажет.

- Бұл рейтингтегі Қазақстанның нәтижесі шетелдік мамандар мен кәсіпкерлердің елге келуіне экономикалық тұрғыдан қандай мүмкіндіктер береді?

- Бұл нәтиже Қазақстанды шетелдік мамандар мен кәсіпкерлер үшін тартымды бағыт ретінде позициялауға мүмкіндік береді. Мысалы, рейтингте өмір сүру қолжетімділігі 98 балл, тұрғын үй қолжетімділігі 86 балл болды. Бұл салыстырмалы түрде төмен шығындар жағдайында Қазақстанда жұмыс істеу немесе бизнес жүргізу мүмкіндігін көрсетеді.

Менің ойымша, рейтингтің негізгі экономикалық мүмкіндігі - инвестициядан бөлек, адами капиталды тарту. Егер білікті мамандар мен кәсіпкерлер Қазақстанға келсе, олар өздерімен бірге жаңа білім, технология және тәжірибе алып келеді. Бұл өз кезегінде жаңа жобалар мен жұмыс орындарының пайда болуына әсер етуі мүмкін. Әсіресе IT, қаржы, инженерия және креативті индустриялар үшін мұндай мамандардың келуі маңызды. Сондықтан бұл рейтингті Қазақстанның сыртқы имиджі үшін ғана емес, экономикалық дамудың қосымша мүмкіндігі ретінде қарастырған дұрыс. Ең бастысы - шетелден келген мамандар мен кәсіпкерлер елде ұзақ уақыт жұмыс істеуге және бизнесін дамытуға қолайлы жағдай жасау.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз