Әлеумет

Қазақстан түрік дрондарын өндіретін және қызмет көрсететін алаңға айналады

Қазақстан мен Түркия арасында ANKA атты дрон өндіру және техникалық қызмет көрсету бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойылды.

Тоқаев

Құжат 14 мамыр күні Астанада Түркия президенті Режеп  Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында және президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен келіссөздерден кейін рәсімделді.

ANKA бойынша келісім екіжақты келіссөздердің қорытындысы ретінде алмасылған құжаттар пакетіне енді. Жалпы Ердоған мен Тоқаевтың қатысуымен барлығы 13 келісімге қол қойылған. Оның ішінде ANKA дрондарын өндіру және оларға қызмет көрсету жөніндегі бірлескен кәсіпорын құру туралы құжат та бар.

Жобаға қатысты инвестиция көлемі, кәсіпорынның нақты орналасатын жері, іске қосылу мерзімі және шығарылатын аппараттар саны әзірге жарияланған жоқ.

Бұған дейін, 2022 жылы Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Kazakhstan Engineering еншілес кәсіпорны базасында Қазақстан Қарулы күштерінің қажеттілігі үшін ANKA соққы беруші дрондарын жинау және техникалық қызмет көрсету желісі құрылатынын хабарлаған еді. Жоба технология трансферін және мамандарды оқытуды да қамтуы тиіс болған.

ANKA дрондарын Түркияның Turkish Aerospace Industries (TUSAŞ) компаниясы шығарады. Бұған дейін Қазақстан аталған дрондардың алғашқы шетелдік өндірістік базасына айналуы мүмкін екені айтылған. Ынтымақтастық аясында бірлескен өндіріс, жөндеу, қызмет көрсету және технология алмасу қарастырылған.

Қазақстан үкіметінің мәліметінше, ANKA барлау-соққы беруші дрондар санатына жатады. Оның максималды ұшу салмағы — 1700 келі, пайдалы жүк көтерімі — 350 келіге дейін. Аппарат әуеде 30 сағатқа дейін үздіксіз ұша алады және 9 мың метр биіктікке көтеріледі.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз