Қазақстанда 10 жылда небәрі екі отандық дәрі әзірленген
Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова Денсаулық сақтау министрлігінің өкіліне отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту және елдің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша сауал жолдады.
Сенатордың айтуынша, соңғы он жыл ішінде Қазақстанда небәрі екі ғана төл дәрілік препарат әзірленген. Тіркелген екі препарат – йод пен калий йодиді. Алайда бұл дәрілердің өзі қазіргі таңда кеңінен қолданылмайды.
Бұл көрсеткіш отандық фармацевтика саласының ғылыми әлеуеті мен өндірістік мүмкіндіктерін дамыту мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр. Айнұр Арғынбекова дәрі-дәрмек қауіпсіздігі стратегиялық маңызы бар бағыт екенін атап өтіп, Қазақстанның импорттық өнімдерге тәуелділігін төмендету қажеттігіне назар аударды.
Оның пікірінше, отандық дәрі өндірушілерді қолдау, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру және жаңа препараттарды әзірлеу тетіктерін жетілдіру маңызды. Сенатор сондай-ақ халықты сапалы әрі қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін фармацевтика саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру қажеттігін көтерді.