Қазақстанда әкелердің бала тәрбиесіне қатысуы артқан
Қазақстанда ажырасу саны соңғы 5 жылда 48,6%-ға азайған. Бұл туралы ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, 10 жыл ішінде Қазақстанда отбасылар саны 1,5 млн-нан астам өскен. 2021 жылғы Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша отбасылар саны 5 578 947 құрады.
«2009 жылғы санақ деректеріне сәйкес республикадағы отбасылар саны 4 022 388 құрады. Осылайша, бұл көрсеткіш 10 жыл ішінде 1,5 млн-нан астам өсті», - деді спикер.
Сауалнама нәтижелері бойынша қазақстандықтардың 95,4% отбасылық қарым-қатынасқа қанағаттанады.
Қазақстандық отбасылардың басты құндылықтары: бір-біріне қамқорлық жасау, өзара сыйластық, қолдау көрсету, махаббат және балалар. Сонымен қатар, әкелердің бала тәрбиесіне қатысуы артқан. Балаларды тәрбиелеу кезінде отбасылар көбінесе еңбекқорлық, адалдық, үлкендерді құрметтеу, өзін-өзі құрметтеу, басқаларды құрметтеу сияқты қасиеттерге назар аударатыны айтылған.