Оқиғалар

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект кластері құрылмақ

Қазақстанда жасанды интеллект саласын дамытуға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі қолға алынуда.

1

 Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы аясында ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, халықаралық Citi корпорациясы мен Freedom Holding Corp арасында әлемдік деңгейдегі жасанды интеллект кластерін құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Жоба еліміздің технологиялық әлеуетін арттырып, жасанды интеллект бағытындағы зерттеулер мен инновациялық әзірлемелерді дамытуға жаңа мүмкіндік ашуды көздейді. Болашақта кластер мемлекеттік сектор, ғылыми ұйымдар мен бизнес құрылымдарына қызмет көрсететін заманауи есептеу инфрақұрылымын қалыптастырып, жоғары өнімді деректерді өңдеу орталығына айналмақ.

Бастаманың негізгі бағыттарының бірі – озық графикалық процессорлармен жабдықталған есептеу қуатын қалыптастыру және жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуге қажетті техникалық ортаны құру. Бұл қазақстандық мамандарға күрделі цифрлық жобаларды ел ішінде жүзеге асыруға, ал халықаралық технологиялық компанияларға Қазақстанды өңірлік серіктес ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Жоба аясында цифрлық қаржы құралдарын дамыту мен блокчейн технологияларын енгізуге де ерекше назар аударылмақ. Тараптар цифрлық банкингті, трансшекаралық есеп айырысу жүйелерін жетілдіру және жаңа қаржылық сервистерді дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Мұндай бастамалар қаржы жүйесінің ашықтығын арттырып, инновациялық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді.

Мамандардың пікірінше, әлемдік деңгейдегі AI-кластердің құрылуы Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігін нығайтып, жоғары технологиялар саласына инвестиция тартуға жол ашады. Сонымен қатар, бұл жоба елдің цифрлық экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейтуге серпін беретін маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз