Қазақстанда аң аулау тәртібі өзгереді
Мәжіліс депутаттары бастамашылық еткен аңшылық саласы мен жануарлар дүниесін қорғауға қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат табиғатты қорғау тетіктерін күшейтіп, аңшылық қызметті реттеуді жетілдіруге бағытталған.
Заң жобасында жануарлар дүниесін қорғау, көбейту және тиімді пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару нормалары нақтыланған. Сонымен қатар аң аулау талаптары күшейтіліп, оның нақты мерзімдері белгіленеді. Биологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жануарлар санын реттеу және сирек, жойылып кету қаупі бар түрлерді есепке алу тәртібі де қарастырылған.
Құжатта заңсыз аңшылыққа қарсы жауапкершілік күшейтіледі. Атап айтқанда, жабайы жануарлар мен өсімдіктерді, олардың бөліктерін немесе туындыларын заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау және сату әрекеттерін, сондай-ақ оларды бұқаралық ақпарат құралдары мен интернетте жария түрде көрсету үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Бұдан бөлек, ақбөкен мүйіздерін заңсыз сақтау және өткізуге қатысты да жаза қарастырылған.
Маңызды жаңашылдықтардың бірі – түнгі уақытта көруге арналған құрылғыларды пайдалануға тыйым салу. Бұл қатарға инфрақызыл, электрондық-оптикалық және жылу арқылы көру құралдары кіреді. Сондай-ақ құрлардың үйірге түсу кезеңінде, қорықшының еріп жүруінсіз аң аулауға шектеу енгізіледі.
Заң жобасы аясында мемлекеттік табиғи қаумалдарда аң өсіруді дамыту және заңсыз ауланған жануарларды заңдастыруға жол бермеу үшін арнайы тіркеу тәртібі енгізіледі. Сонымен қатар қорықшылар мен аңшылық шаруашылықтары өкілдерінің өкілеттіктері кеңейтіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша қосымша функциялар жүктеледі.
Жалпы, ұсынылып отырған өзгерістер аңшылық мәдениетін ретке келтіріп, жануарлар дүниесін сақтауға және экологиялық тепе-теңдікті қорғауға бағытталған.