Қазақстанда аптап ыстықтан 26 адам көз жұмды
Қазақстанда соңғы бірнеше айда аптап ыстықтың салдарынан 26 адам қайтыс болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен төрт есе көп. Ол кезде ыстықтан жеті адам көз жұмған.
BES.media мәліметінше, Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының бас маманы Зауре Нұритдинованың айтуынша, осы кезеңде медициналық көмекке шамамен 30 мың адам жүгінген.
Олардың 2 700-іне күн өту, ағзаның қызып кетуі немесе сусыздану диагнозы қойылған. Ал 200-ге жуық науқас ауруханаға жатқызылған.
Мамандардың айтуынша, аптап ыстықтан ең көп зардап шегетіндер арасында көбіне қарттар, нәрестелер, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар адамдар және ашық аспан астында еңбек ететін азаматтар бар.
Маусым айындағы аномальды ыстықтың аясында артериялық гипертонияға байланысты шұғыл медициналық көмек көрсету жағдайлары 2025 жылдың маусымымен салыстырғанда 26 пайызға артқан.