Қазақстанда Жириновскийге естелік тақта орнату ұсынылды
Алматыдағы Масанчи көшесі, 79-үйге Владимир Жириновский құрметіне естелік тақта орнату ұсынылды.
Бұл бастаманы Ресей Мемлекеттік думасындағы ЛДПР фракциясы жетекшісінің орынбасары Сергей Леонов Қазақстанға жұмыс сапары барысында көтерген. Ол Алматыға барып, саясаткердің туған әрі балалық шағы өткен үйін арнайы аралап шыққан.
Депутаттың айтуынша, бұл ұсыныс Жириновскийдің 80 жылдығы қарсаңында айтылып отыр.
«Бұл үйді дәл мерейтой қарсаңында көру – символдық мәнге ие. Әрине, осы ғимараттың қабырғасына “осында ұлы ресейлік саясаткер Владимир Вольфович Жириновский дүниеге келген” деген жазуы бар естелік тақта орнатылса, жақсы болар еді. Сонда бұл тарихи орын туралы көбірек адам білер еді», – деді Леонов.
Әңгіме Алматы қаласының орталығында орналасқан екі қабатты ескі үй туралы болып отыр. Мәліметке сәйкес, Жириновский осы үйдің екінші қабатындағы №3 үш бөлмелі пәтерде тұрған.
ЛДПР өкілдері Санкт-Петербург қаласында саясаткердің 80 жылдығын атап өтуге дайындық жүріп жатқанын да еске салды.
Владимир Жириновский 1946 жылдың 25 сәуірінде Алматыда дүниеге келген. Кейін Ресейге қоныс аударып, посткеңестік елдердегі ең танымал әрі даулы саясаткерлердің біріне айналды. Ол ЛДПР партиясын құрып, ұзақ жылдар бойы басқарды, бірнеше рет Мемлекеттік дума депутаты болып сайланды және президенттік сайлауларға қатысты.
Жириновский өткір әрі даулы мәлімдемелерімен танылған саясаткер болды. Оның кейбір болжамдары мен пікірлері ара-тұра қоғамда қайта талқыланып отырады.