Қазақстанда жұмыс кезінде шабуылға ұшыраған медицина қызметкерлеріне сақтандыру төлемі қарастырылмақ
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерін қосымша сақтандыруды, соның ішінде жұмыс кезінде шабуылға ұшыраған жағдайда өтемақы төлеуді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі.
Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Жоба медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ кәсіби міндеттерін атқару кезінде олардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.
Құжаттағы маңызды өзгерістердің бірі – медицина қызметкері кәсіби міндетін орындау кезінде үшінші тұлғалардың күш қолдануынан зардап шеккен жағдайда сақтандыру өтемін төлеу тәртібін белгілеу.
Яғни дәрігер немесе басқа медицина қызметкері жұмыс барысында шабуылға ұшырап, оның өміріне немесе денсаулығына зиян келсе, бұл жағдай сақтандыру өтемін төлеуге негіз болуы мүмкін.
Сонымен қатар жоба медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын бірлесіп сақтандырудың үлгілік шартын енгізуді көздейді.
Тағы бір өзгеріс – кәсіби жауапкершілікті сақтандыру аясына интерндер мен резиденттерді де қосу. Олар оқу кезеңінде сақтандыру қорғанысына ие болмақ.
Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін бірлесіп сақтандыру шарттарын жасау, өзгерту және орындау тәртібін жетілдіру ұсынылған. Сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру және медициналық ұйымдар, медицина қызметкерлері, пациенттер мен Бірыңғай сақтандыру (қайта сақтандыру) пулы әкімшісінің өзара іс-қимыл тәртібі де нақтыланбақ.
Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, өзгерістер медицина қызметкерлерінің әлеуметтік және құқықтық қорғалуын күшейтіп, пациенттерді қорғау тетіктерін жетілдіруге және денсаулық сақтау жүйесіндегі құқықтық әрі қаржылық тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Бұйрық жобасы 1 қыркүйекте жарияланған. Құжат 16 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда болады. Сондықтан ұсынылып отырған нормалар әзірге күшіне енген жоқ.