Сараптама

Қазақстандағы журналистиканың халі нешік?

3 тамызда Алматының Алмалы аудандық соты журналист Александра Алёховаға үкім шығарды.

1

 Сот оны Қылмыстық кодекстің 147-бабының 5-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айырды. Жазаны орындау 5 жылға – 2031 жылға дейін кейінге қалдырылды. Бірақ үкімдегі тағы бір тармақ журналистік ортада ерекше алаңдаушылық туғызды. Ол – Алёховаға үш жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынуы. Іс жабық режимде қаралып, БАҚ өкілдері сот залына кіргізілген жоқ. 

Алёховаға қатысты қылмыстық іс Алматыдағы «Кенжехан» базары төңірегіндегі бірнеше жылға созылған даудан кейін қозғалған. Журналистің материалдарында базардағы кәсіпкерлердің құқығын қорғап жүрген белсендінің бұрын сотталғаны және полицияның арнайы есебінде тұрғаны туралы мәлімет айтылған. Тергеу мұны адамның жеке құпиясына жататын дербес деректерді заңсыз тарату деп бағалаған. Қорғаушы тарап болса, ақпараттың елеулі бөлігі ашық дереккөздерден, оның ішінде сот құжаттарынан алынғанын айтып келеді.

Бұл істің даулы тұсы мұнымен ғана шектелмейді. Кейбір ақпаратқа қарағанда, журналист жариялаған мәлімет одан бұрын танымал Telegram-арнада тараған. Жәбірленуші бастапқы жарияланған дереккөз бойынша да полицияға арызданғанымен, ол арнаға қатысты қылмыстық іс қозғалмаған. «Әділ сөз» қоры алғашқы ақпараттың сыртқа шығуына жол берген полиция қызметкері тәртіптік жауапкершілікпен шектелгеніне де назар аударды. Ал әлгі деректерді пайдаланған журналиске ауыр қылмыс бойынша жаза кесілді. Мұндай жағдайда жауапкершіліктің кімге және қандай көлемде қолданылғаны түсініксіз болып отыр. Себебі алғаш ақпарат таратқандар мен кейін сол ақпаратты жариялаған журналистің жазасы арасында елеулі алшақтық жатыр дейтіндер де бар.

Алёховаға үкім шыққаннан кейін Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да іске қатысты пікір білдірді. Министр ведомствоның сот төрелігін жүзеге асыруға араласуға құқығы жоқ екенін айтып, түпкілікті бағаны апелляциялық саты беруі керегіне тоқталды.

«Осыған орай, апелляциялық сатыдағы соттың шешімін күткен жөн деп санаймын. Апелляциялық сот істің барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті қарап, заңды және әділ шешім қабылдайтынына сенімдімін», – деді А.Балаева.

Арада бірнеше күн өткенде іске қатысты тағы бір мәлімет шықты. 7 тамызда Алматы прокуратурасы Алёховаға тағайындалған жазаны жеңілдету туралы апелляциялық өтініш енгізді. Прокуратура журналистің бұрын сотталмағанын, қылмыстық жауаптылыққа алғаш рет тартылғанын, асырауында кәмелетке толмаған баласы барын және жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың анықталмағанын алға тартқан. Демек, Алёхова ісіне нүкте әлі қойылған жоқ.

Хасенов, Алехова, Матаев
Фото: Жи арқылы өңделді

Жазалау құралы ма?

Кейінгі бір жылдың ішінде журналистік қызметпен айналысу құқығынан айыру бірнеше қылмыстық істе қатар көрінді. Мысалы, Алёхова үкімінен небәрі бірнеше күн бұрын, 31 шілдеде Алматы соты ҚазТАГ ақпарат агенттігінің басшыларына қатысты үкім шығарды. Агенттіктің бас директоры Әсет Матаев 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын алды. Оған 3 жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды.

ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасеновке амнистияны ескере отырып, 1 жыл 3 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ал кәсіби тыйым мерзімі тым ұзақ – 5 жыл. Яғни журналист түрмеге қамалмауы, бас бостандығы шектелуі мүмкін, бірақ сонымен бірге бірнеше жылға өзінің негізгі кәсібінен де айырылады.

Тағы бір мысал, өткен жылы 29 желтоқсанда Алматының Алатау аудандық соты журналист Олег Гусевті Қылмыстық кодекстің 147-бабының 5-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған 3 жыл шартты жаза тағайындалып, үш жыл бойы журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Биыл 17 наурызда Алматы қалалық соты бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды және ол заңды күшіне енді. Бір қызығы, Гусевтің ісі де «Кенжехан» базары маңындағы жанжал туралы материалдарға байланысты болған.

Осылайша, бір жылдың ішінде төрт журналистке қатысты сот үкім оқып, кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салды. «Бұл жекелеген журналистерге қатысты жайт па, әлде «қаламы ұшқырларды» жазалау құралы ма?» деген сұрақтың салмағы артып барады.

Журналист
Фото: Ғалым Смағұлұлының карикатурасы

Заң не дейді?

ҚР Қылмыстық кодексі белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруды жаза түрі ретінде қарастырады. ҚК-нің 50-бабында белгілі бір лауазымды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салу мерзімі жалпы жағдайда бір жылдан он жылға дейін белгіленетіні көрсетілген. Яғни мәселе «Сот мұндай жаза тағайындай ала ма?» деген сауалмен шектелмейді. Заң оған мүмкіндік береді.

Жеке өмір, ар-намыс, дербес деректер, іскерлік бедел заңмен қорғалады. Журналист те, басқа да заңнан жоғары емес. Яғни БАҚ өкілі заң алдындағы жауапкершіліктен босатылмайды. Бірақ журналистің кәсіби қызметі оның жеке табыс көзі ғана емес. Журналист қоғам үшін ақпарат жинайды, мемлекеттік органдарды, бизнесті, сотты, саяси институттарды бақылайды, қоғамға жабық қалуы ықтимал деректерді жария етеді. Яғни қоғамның көзі құлағы һәм тілі. Сондықтан журналистің кәсібіне қойылған шектеудің салдары бір адамның еңбек құқығынан әлдеқайда кең болуы мүмкін.

Биыл 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияның 23-бабы сөз бостандығына, ақпаратты еркін алу мен тарату құқығына кепілдік береді және цензураға тыйым салады. Ал 27-бап әр адамның еңбек етуге, қызмет түрі мен мамандығын еркін таңдауға құқығын бекітеді. Конституцияның 41-бабы құқықтар мен бостандықтар заңмен және тек қажетті мөлшерде ғана шектелуі мүмкін екенін белгілейді. Сондай-ақ «Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын саяси себептермен шектеуге жол берілмейді» деп жазылған.

Сондықтан журналистің кәсібіне тыйым салу туралы үкімде заңның формалды түрде орындалуы ғана емес, жазаның қажеттілігі де талқылануға тиіс еді. Міне, қазіргі журналистерді алаңдататыны – осы.

Нәзира ДӘРІМБЕТ
Фото: ашық дереккөз

Нәзира ДӘРІМБЕТ, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті:  Журналисті кәсібінен айыру халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді

⁠ – Журналиске кәсібімен айналысуға тыйым салу Қазақстан Конституциясымен және елдің халықаралық міндеттемелерімен кепілдендірілген сөз бостандығына қайшы және еңбек ету құқығының тапталуы деп есептеймін. Журналиске кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салу – бұл тек жеке тұлғаны жазалау емес, кәсіби тыйым. Аталған шара сөз бостандығының негізгі қағидаттарына мүлдем сәйкес келмейді. Жаза шарасы азаматтың заңды кәсіппен айналысып, нан табу құқығын шектемеуі тиіс. Бұған қоса, мұндай талаптар болашақта редакциялардың саясатын және ақпарат тарату құқығын шектейді. Бұл – сөз бостандығын шектеу, журналистерге жасалып жатқан қысым.

ҚазТАГ ісі мен журналист Александра Алёховаға қатысты үкім бойынша кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салынуы алаңдатады. Меніңше, мұндай жаза журналистің кәсіби құқығын шектеп қана қоймай, қоғамның еркін ақпарат алу мүмкіндігіне де кері әсер етеді. Сондықтан мұндай шешімдерді сөз бостандығы тұрғысынан да бағалау қажет.

Бұрында да мұндай үкімдер болған, мысалы, 2025 жылдың желтоқсан айының соңында Алматы қаласының Алатау аудандық соты 61 жастағы журналист Олег Гусевке 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім етті. Сондай-ақ сот оған үш жыл мерзімге журналистік қызметпен айналысуға тыйым салды. Кезінде «Дат» газетінің бас редакторы Ермұрат Бапиге де сондай тыйым салынғанын білеміз.

Журналистік қызметке тыйым салу – авторитарлық жүйелерге тән тәжірибе. Демократиялық елдерде және ЕҚЫҰ (ОБСЕ) мен БҰҰ-ның азаматтық және саяси құқықтар туралы пакт стандарттарында мұндай шектеулер ақпарат тарату бостандығын өрескел бұзу болып саналады. Халықаралық стандарттар талабы: БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті БАҚ өкілдеріне кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салу сияқты жазаларды дискриминациялық әрі пропорционалды емес (несоразмерные) деп санайды. Қазақстанда журналистерді кәсібінен айыру тәжірибесінің қолданылуы елдің халықаралық рейтингтердегі көрсеткішіне кері әсер етеді. Қазақстан екі негізгі шарт – Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт (АСҚХП) мен Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт бойынша міндеттемелерді бұзып отыр. Мысалы, БҰҰ Комитеті журналистік кәсіппен айналысуға толық тыйым салуды «рұқсат етілген шектеулер шегінен шығатын, пропорционалды емес әрі адамгершілікке жатпайтын жаза» деп көрсетеді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Астананы сот жүйесінен журналистік қызметпен айналысуға тыйым салу тәжірибесін алып тастауға үнемі шақырады, өйткені бұл құқықтық мемлекет мәртебесіне қайшы келеді.

Қысқасы, «Журналисті бірнеше жыл бойы кәсібінен шеттету жалпы медиа ортаға қалай әсер етеді?» дегенге келер болсақ,жоғарыда атап өткенімдей, бұл Қазақстан үшін жаңалық емес, мұндай үкімдер соңғы уақытта жиі шығарылатын болды, бұл бүкіл медиа кеңістікке өте қауіпті. Өйткені редакциялар мен журналистер арасында ішкі цензура (самоцензура) күшейеді. Журналистер резонансты, қоғамдық маңызы бар немесе ірі компаниялар мен шенеуніктерге қатысты тақырыптарды көтеруден қорқатын болады. Бұл жағдай тәуелсіз медианы әлсіретеді. Қазақстандағы сөз бостандығының деңгейін төмендетіп, ақпараттық кеңістіктің ашықтығына соққы болып тиеді. Халықаралық аренада сөз бостандығы бойынша Қазақстанның дәрежесін төмендетеді. Билік осыны үнемі есте сақтауы керек.

Бажкенова
Фото: скриншот

Қылмыстық істер көбейген тұста...

Кәсіби тыйым Қазақстан медиасындағы жалғыз мәселе емес.

Қазір Алматыда Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты сот процесі өтіп жатыр. Оған Қылмыстық кодекстің 214-бабы – заңсыз кәсіпкерлік, 274-бабы – көрінеу жалған ақпарат тарату және 189-бабының 4-бөлігі – аса ірі мөлшердегі бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету бойынша айыптар тағылған. Бажкенова тағылған айыптарды мойындамайды. Сондықтан бұл іс бойынша кінәлі не кінәсіз деген қорытынды шығаруға әлі ерте. Соңғы сөзді сот айтады.

Алайда бұл іс те халықаралық құқық қорғау ұйымдарының назарынан тыс қалған жоқ. 2025 жылдың желтоқсанында Human Rights Watch, Amnesty International және тағы бірнеше ұйымнан құралған коалиция Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ пен журналистерге қатысты тінтулер, қылмыстық істер және өзге де қысым түрлеріне алаңдаушылық білдірді. Құқық қорғаушылар билікті тәуелсіз журналистердің еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауға шақырды.

Түрмеде отырған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайы да қоғамда жиі талқыланып жүр. Шілде айында оның әкесі мен құқық қорғаушылар журналистің Қызылордадағы мекемеде өзіне зиян келтіретін заттарды жұтқаны туралы хабарлады. Қызылорда облысының Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті рентгенологиялық тексеру оның ағзасында бөгде заттар барын растамағанын мәлімдеді.

Кейінгі халықаралық рейтингтер де мұның тек журналистік ортаның ішкі алаңдаушылығы емес екенін көрсетеді. «Шекарасыз тілшілер» – Reporters Without Borders ұйымының 2026 жылғы Дүниежүзілік баспасөз бостандығы индексінде Қазақстан 180 мемлекеттің арасында 149-орынға түсті. Елдің жалпы көрсеткіші – 34,41 балл. Бір жыл бұрын, 2025 жылы Қазақстан 141-орында тұрған еді. Яғни бір жылдың ішінде сегіз саты төмендеген.

Әрине, халықаралық рейтингтер сот үкімінің заңдылығын анықтамайды. Бірақ мұндай көрсеткіштер мемлекеттің ақпараттық кеңістігіндегі жалпы ахуалды салыстыруға мүмкіндік береді.

Жоғарыда жазғанымыздай, журналистің мәртебесі оны заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды. Егер журналист заң бұзса, оның әрекетіне құқықтық баға берілуі тиіс. Бірақ бірнеше жыл бойы кәсіби қызметпен айналысу құқығынан айырудың салдары бір адамның жазасымен шектелмейді. Мұндай үкімді оның әріптестері де көреді, редакциялар да ескереді. Соның салдарынан журналистер қоғамдық маңызы бар тақырыпты жариялар алдында тек деректің дұрыстығын емес, өз басына төнуі мүмкін қауіпті де ойлайды. Әрине, мұның бәрі журналистің жұмысына кері әсер етеді.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз