Қазақстанды «Боратпен» салыстырған режиссермен 7DAYS серіктестікті тоқтатты
7DAYS компаниясы Алматыда жарнамалық ролик түсіруге келген ресейлік режиссер Илья Лучкиннің төңірегіндегі дауға қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Әлеуметтік желі қолданушыларының мәліметінше, режиссер жарнама түсірілімінен кейін Қазақстан туралы әсерімен бөліскен жазбалар жариялаған. Ең көп сынға ұшырағаны – оның ел туралы алғашқы түсінігі «Борат» фильмімен байланысты болғанын айтуы. Сондай-ақ ол Қазақстанда адамдар «сиырмен емес, электромобильмен жүретініне көз жеткізгенін» жазған. Бұл сөздерді көпшілік менсінбеушілік әрі қорлайтын пікір ретінде қабылдады.
Бұған қоса, әлеуметтік желі қолданушылары Қазақстанда өз режиссерлері мен түсірілім топтары бола тұра, жарнамаға Ресейден маман шақырылғанына да наразылық білдірді.
Сын күшейгеннен кейін Илья Лучкин жарияланымдарының бір бөлігін өшіріп, бұл Қазақстандағы алғашқы әрі соңғы жобасы болғанын мәлімдеді. Кейін кешірім сұрағанымен, көпшілік оның кешірімін жеткіліксіз деп бағалады.
Сондай-ақ режиссердің сиырға мініп отырған видеосы мен фотосы да қызу талқыға түсті. Көпшілік мұны орынсыз әзілдің жалғасы деп қабылдап, брендтер мен продакшн компанияларды жергілікті жобаларға мердігер таңдағанда беделдік тәуекелдерді ескеруге шақырды.
Осы жағдайдан кейін 7DAYS ресми мәлімдеме жасап, ұлтшылдықты, кемсітушілікті және кез келген ұлтқа, мәдениетке немесе шығу тегіне құрметсіздік танытуды қолдамайтынын атап өтті.
«Соңғы жарнамалық науқанымыздың режиссері жариялаған пікірлер – оның жеке көзқарасы және 7DAYS брендіне қатысы жоқ. Мұндай мәлімдемелер біздің құндылықтарымызға қайшы келеді. Осыған байланысты режиссермен ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдадық», – делінген компания хабарламасында.
Сондай-ақ компания бұл жағдай Қазақстан тұрғындарының көңіліне тиген болса, өкініш білдіріп, алдағы уақытта барлық жобасында құрмет, ашықтық және жауапкершілік қағидаларын ұстанатынын мәлімдеді.