Қоғам

Қазақстандық әуе компаниялар Дубайға ұшатын рейстерді қыркүйектің соңына дейін тоқтатты

Қазақстандық әуе тасымалдаушылары Дубайға қатынайтын рейстерді толық көлемде қайта бастауға әзірге дайын емес. Air Astana мен FlyArystan Таяу Шығыстағы жағдайдың тұрақсыздығына байланысты Дубай бағытындағы ұшулардың тоқтатылу мерзімін 30 қыркүйекке дейін ұзартты.

Ұшақ

Air Astana Алматы мен Астанадан Дубайға рейстерді қыркүйек айының соңына дейін орындамайды. Әуе компаниясы бұған дейін аймақтағы қауіпсіздік жағдайына байланысты аталған бағыттағы ұшуларды уақытша тоқтатқан болатын.

Компанияның хабарлауынша, қазан айынан бастап Алматы мен Астанадан Дубайға рейстерді қайта іске қосу жоспарланып отыр. Алайда бастапқы кестемен салыстырғанда ұшу жиілігі азайып, рейстердің уақыты өзгеруі мүмкін.

«Парсы шығанағы аймағындағы жағдайдың тұрақсыздығына байланысты Air Astana Алматы мен Астанадан Дубайға рейстердің тоқтатылуын 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін ұзартады. Қазан айында аталған бағыттар бойынша ұшу жиілігі қысқартылып, рейстер кестесі өзгертіледі», – деп хабарлады әуе компаниясы.

Рейсі тоқтатылған жолаушылар сапарын 20 қарашаға дейінгі кез келген күнге қосымша ақысыз ауыстыра алады. Бұл ретте таңдаған бронь класында бос орын болуы қажет.

Сондай-ақ жолаушылар билет ақшасын толық қайтаруға немесе оны Air Astana-ның басқа халықаралық бағытына ауыстыруға мүмкіндік алады. Егер жаңа бағыттағы билет құны қымбат болса, баға айырмасын жолаушы өзі төлеуі керек.

Ал FlyArystan Ақтау – Дубай – Ақтау бағытындағы рейстердің тоқтатылуын 30 қыркүйекті қоса алғанға дейін ұзартты. Бұған дейін бұл бағыт бойынша шектеу 15 қыркүйекке дейін белгіленген еді.

«Бұл шешім Таяу Шығыстағы жағдайдың тұрақсыздығына байланысты қабылданды. Рейсі тоқтатылған жолаушыларға сапарын кейінгі күнге айыппұлсыз тегін ауыстыру немесе билет құнын толық қайтару ұсынылады», – деді FlyArystan.

Қазір Ақтаудан Дубайға әуе билеттері 3 қазаннан бастап қысқы кесте бойынша қолжетімді. Дегенмен әуе компаниясы аймақтағы жағдайға байланысты рейстер кестесі қайта өзгеруі мүмкін екенін ескертті.

Таяу Шығыстағы тұрақсыз ахуал соңғы айларда халықаралық әуе тасымалына да әсер етіп отыр. Бірқатар шетелдік компаниялар қауіпсіздік тәуекелдеріне байланысты Дубайға рейстерін уақытша тоқтатып немесе ұшуларды қайта бастау мерзімін кейінге қалдырған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз