Қазақстандық ЖОО-лар талапкерлерге екі мыңнан кстам өзіндік білім беру грантын ұсынады
Республикалық бюджет және жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен бөлінетін мемлекеттік білім беру гранттарынан бөлек, Қазақстанның жоғары оқу орындары талапкерлерге өзіндік білім беру гранттарын, оқу ақысына жеңілдіктер мен атаулы стипендияларды ұсынады.
2026 жылы жоғары оқу орындары ұсынатын ректорлық, университеттік және ішкі білім беру гранттарының жалпы саны екі мыңнан асады. Гранттарды беру талаптарын әр университет дербес белгілейді. Іріктеу кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері, академиялық жетістіктер, «Алтын белгі» иегері болуы, олимпиадалар мен ғылыми, шығармашылық және спорттық жарыстардағы нәтижелер, сондай-ақ талапкердің әлеуметтік жағдайы ескеріледі.
Ең ірі бағдарламалардың бірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жүзеге асырылады. 2026-2027 оқу жылына Түркия Республикасы тарапынан 500 дәстүрлі білім беру квотасы бөлінген. Құжаттар 2026 жылғы 10-15 тамыз аралығында қабылданады. Конкурсқа мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысуға жарамды ҰБТ сертификаты бар және университет белгілеген шекті балды жинаған Қазақстан азаматтары қатыса алады.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті IT бағытындағы олимпиадалар, жобалар мен конкурстардың жеңімпаздарына 125 ішкі грант бөлді. Сонымен қатар жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың және «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының екі түлегіне оқудың толық мерзіміне 100% білім беру гранты ұсынылды.
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өзіндік конкурстық бағдарламалар шеңберінде 94 грант қарастырылған.