Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:46, 28 Тамыз 2024

Қазақстанның жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпауға қатысты ұстанымы берік - Тоқаев

c
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғарғы өкіл Изуми Накамицуды қабылдады.

Кездесу барысында аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау ісінде Қазақстанның БҰҰ институттарымен жан-жақты ықпалдастығының перспективалары талқыланды.

– Қазақстанның қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау мәселесіне қатысты ұстанымы берік. Қазіргі әлемде болып жатқан оқиғалар тұрғысынан алғанда, бұл мәселелердің өзектілігі мен маңыздылығы арта түсті. Мұның алаңдаушылық туғызатыны сөзсіз. Ертең біз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін атап өтеміз. Бұл – бүкіл адамзат баласына ядролық сынақтар жүргізудің әрі ядролық қаруды қолданудың қауіпті екенін еске салатын өте маңызды дата. Еліміз БҰҰ институттарымен тығыз байланыс орнатуға бейіл әрі Ұйымды баламасы жоқ, әмбебап халықаралық құрылым ретінде қарастырады, – деді Президент.

Ақда мәліметінше, Изуми Накамицу Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық үдерісте көшбасшылығын жоғары бағалап, Қазақстанның орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатқанын айтты.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Изуми Накамицу халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасқаны айтылады.