Кемеде тараған қауіпті вирус: круиз кезінде үш жолаушы қайтыс болды
Атлант мұхитында жүзіп жүрген MV Hondius круизді лайнерінде хантавирусқа ұқсас індет тіркелді. Оқиға салдарынан үш жолаушы көз жұмып, тағы бірнеше адам ауыр жағдайда жатыр.
Бұл туралы CNN хабарлады.
Кеменің операторы Oceanwide Expeditions мәліметінше, қаза тапқандардың барлығы туристер. Қазір лайнер Батыс Африкадағы Кабо-Верде жағалауында зәкір тастап тұр. Ауру белгілері байқалғанына қарамастан, жергілікті билік жолаушылар мен экипаж мүшелеріне жағалауға шығуға әзірге рұқсат бермей отыр.
Вирус пен құрбандар туралы не белгілі
Хантавирус ауыр респираторлық ауру туғызады және шамамен 38 пайыз жағдайда өлімге әкелуі мүмкін. Әдетте адамға кеміргіштер арқылы жұғады.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер:
-
70 жастағы ер адам – кеменің өзінде қайтыс болды;
-
Оның жұбайы – ОАР әуежайында есінен танып, кейін ауруханада көз жұмды;
-
Екеуі де Нидерланд азаматтары;
-
Ұлыбритания азаматы Йоханнесбургте ұқсас белгілермен ауруханаға түскен.
Кеменің бағыты
MV Hondius шамамен жеті апта бұрын Аргентинадан шыққан. Осы уақыт ішінде кеме Антарктида мен Әулие Елена аралына барған. Қазіргі таңда бортта 170 жолаушы мен 71 экипаж мүшесі бар.
Сарапшылар бұл жағдайды «өте ерекше» деп бағалап отыр. Себебі кеме вирус кең таралған эндемиялық аймақтарға бармаған.
Америкалық дәрігер Скотт Мисковичтің айтуынша:
«Барлық белгі вирус көзі кеменің өзінде екенін көрсетіп тұр. Кеме толық тексеріледі, міндетті түрде бір нәрсе анықталады».
Қазіргі жағдай
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ауыр хәлдегі екі науқасты эвакуациялауды үйлестіріп жатыр және борттағы адамдар үшін қауіп деңгейін бағалауда.
Қазіргі уақытта зертханалық түрде тек бір ғана жұқтыру фактісі расталған, тағы бес жағдай күдік ретінде қарастырылып отыр.