Кентау, Риддер және Қызылордадағы жылу көздерін жаңғыртуға 16 млрд теңге бөлінді
Үкімет Кентау, Риддер және Қызылордадағы жылу көздерін жаңғыртуға резервтен шамамен 16 млрд теңге бөлетінін хабарлады.
Яғни, Кентаудағы ЖЭО-5-тің № 7, 8, 9, 10, 11 және 12 қазандықтарын реконструкциялауға 9 млрд теңгеден астам, Риддер жылу электр орталығының технологиялық жабдықтары мен инфрақұрылымына күрделі жөндеу жүргізуге – 4,9 млрд теңге, ал Қызылордадағы оңтүстік қазандықтың үш бу қазандығын реконструкциялауға – 2 млрд теңгеден сәл астам қаражат бөлінді. Осылайша, аталған жылу көздерін жаңғыртуға жалпы сомасы шамамен 16 млрд теңге жұмсалды.
Сонымен қатар инвестициялық келісімдер аясында осы күндері Екібастұздағы ГРЭС-1-дің №1 энергоблогында қалпына келтіру және Атыраудағы ЖЭО мен Топардағы ГРЭС-те турбоагрегаттарды ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Екібастұз ГРЭС-інде №3 энергоблок құрылысы, сондай-ақ Өскемендегі ЖЭО мен Қарағандыдағы ЖЭО-3-ті кеңейту бойынша жобалар жоспарланған, деп хабарлады Үкімет.
Жоғарыда аталған барлық жобаны жүзеге асыру ортақ жиынтығы 1500 МВт-тан астам жаңа қуатты іске қосуға мүмкіндік береді.
Фото: ҚР Үкіметі