Әлеумет

КХДР зымыран бөлімшесі Ресей аумағынан Украинаға соққы жасауға дайындалып жатыр

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Украина әскери барлауы Солтүстік Кореяның зымыран бөлімшесі жуық арада Ресейдің батыс бөлігіне орналастырылып, Украинаға соққы жасауға пайдаланылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Путин мен Ким Чен Ын

Украина Қорғаныс министрлігі Бас барлау басқармасы өкілі Андрей Черняктың айтуынша, шамамен 90 әскери қызметкерден тұратын бөлімше қазірдің өзінде Ресейге жол тартқан. Оның құрамында 120 баллистикалық зымыран мен алты ұшыру қондырғысы болуы мүмкін. Бөлімшенің ықтимал орналасатын жері ретінде Воронеж облысы аталады.

АҚШ-тың Филадельфия қаласындағы Сыртқы саясатты зерттеу институтының әскери сарапшысы Роб Лидің пікірінше, Солтүстік Кореяның баллистикалық зымырандары Украина үшін елеулі қауіп төндіруі мүмкін. Оның айтуынша, әсіресе алдағы қыста Ресейдің Украина энергетикалық инфрақұрылымына қайтадан жүйелі шабуыл жасауы ықтимал, ал украиналық әуе қорғанысының қазіргі жағдайы алаңдаушылық туғызады.

Украинада әуе қорғанысы зымырандарының тапшылығы бар

5 тамызға қараған түні Ресей Украинаға жаппай зымыран-дрон шабуылын жасады. Украина Әуе күштерінің мәліметінше, әуе қорғанысы бұл жолы ұшырылған баллистикалық және кемеге қарсы зымырандардың ешқайсысын атып түсіре алмаған.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, шабуыл салдарынан 17 адам қаза тауып, 44 адам жараланған.

Бұған дейін Зеленский Украинада әуе қорғанысы зымырандарының тапшылығы бар екенін айтып, серіктес елдерді жаңа қару-жарақ жеткізуге шақырған болатын.

КХДР Ресейге әскери қолдауын жалғастырып келеді

Мәскеу мен Пхеньян арасындағы әскери ынтымақтастық Ресейдің 2022 жылы Украинаға кең ауқымды басып кіруінен кейін айтарлықтай күшейді. 2024 жылы екі ел өзара қорғаныс туралы келісімге қол қойған.

Reuters дерегінше, КХДР Ресейге миллиондаған артиллериялық снаряд жеткізіп, солтүстіккореялық әскери қызметкерлер Ресей армиясы жағында соғыс қимылдарына да қатысқан.

Украина тарапының мәліметінше, қазіргі уақытта Украинамен шектесетін Ресейдің Курск облысында шамамен 9 500 солтүстіккореялық сарбаз орналасқан.

Өткен аптада Днепропетровск облысындағы Радушное ауылына Солтүстік Корея өндірген зымыранның соққысынан алты адам қаза тапқан.

Солтүстік Кореяның сыртқы істер министрі Цой Сон Хи жуырда Ресейге жасаған сапары барысында Пхеньянның Мәскеуге толық қолдау көрсететінін мәлімдеген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз