Киберқауіпсіздік – цифрлық қоғамның басты қорғанысы
Қазіргі таңда киберқауіпсіздік мәселесі әлем бойынша ғана емес, Қазақстанда да күн тәртібінен түспейтін өзекті тақырыптардың бірі.
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы, мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа көшуі, онлайн-банкинг пен электронды сауданың кеңінен қолданылуы интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлердің де артуына ықпал етуде. Соның салдарынан азаматтардың жеке деректерін заңсыз иемдену, қаржылық алаяқтық, ақпараттық жүйелерге жасалатын кибершабуылдар мен жалған интернет-ресурстардың көбеюі қоғам үшін елеулі мәселеге айналды.
Сондықтан бүгінде киберқауіпсіздік тек ақпараттық технология мамандарының ғана емес, әрбір азаматтың назарында болуы тиіс маңызды бағыт саналады. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдардың және қоғамның бірлескен жауапкершілігі. Цифрлық кеңістіктегі қауіптердің алдын алу үшін заманауи қорғаныс жүйелерін енгізумен қатар, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру да ерекше маңызға ие.
Соңғы жылдары интернет алаяқтарының әрекет ету тәсілдері де күрделене түсті. Бұрын күмәнді хабарламалар немесе жалған сайттар арқылы жасалатын алаяқтық бүгінде жасанды интеллект технологияларын пайдалану, жалған қоңыраулар, әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттар мен түрлі мессенджерлер арқылы жүзеге асырылуда. Кей жағдайда алаяқтар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік мекеме өкілі ретінде таныстырып, азаматтардың жеке мәліметтері мен банк карталарының құпия кодтарын алдап алуға тырысады. Мұндай жағдайлар азаматтардың қаржылық шығынға ұшырауына ғана емес, олардың жеке деректерінің заңсыз пайдаланылуына да әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты Қазақстанда киберқауіпсіздікті күшейтуге бағытталған кешенді шаралар қолға алынуда. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерді қорғау деңгейі жетілдіріліп, ақпараттық қауіпсіздік талаптары күшейтілуде. Сонымен қатар цифрлық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, мемлекеттік органдар мен стратегиялық маңызы бар нысандарды ықтимал кибершабуылдардан қорғау бағытында жаңа технологиялар енгізіліп келеді. Бұл жұмыстар еліміздің цифрлық кеңістігін қауіпсіз әрі сенімді етуге бағытталған.
Цифрлық қоғамда ақпарат ең құнды ресурстардың біріне айналғандықтан, оны қорғау да стратегиялық міндет болып отыр. Күрделі құпиясөздерді пайдалану, екі факторлы аутентификацияны қосу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және жеке мәліметтерді бөгде адамдарға жарияламау сияқты қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау әрбір азамат үшін қалыпты дағдыға айналуы қажет. Тек мемлекеттік саясат пен азаматтардың жауапкершілігі қатар жүрген жағдайда ғана қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыруға болады.
Жігер Әшім