Қытайда экс-әкім Цзэнбин сыбайлас жемқорлық үшін өлім жазасына кесілді
Қытайдың Хайкоу қаласының бұрынғы әкімі Лоу Цзэнбин сыбайлас жемқорлық және қызметін ұзақ жылдар бойы асыра пайдаланғаны үшін өлім жазасына кесілді. Бұл туралы MSN хабарлады.
Хайкоу – халқы 2,8 миллион, Қытайдың оңтүстігіндегі Хайнань провинциясының әкімшілік орталығы. Лоу Цзэнбин 2019 жылы ұсталған.
Тінту барысында оның үйінің жертөлесінен жалпы салмағы 13,5 тонна болатын алтын құймалар мен 23 тонна қолма-қол ақша табылған. Ресми мәлімет бойынша, бұл активтердің жалпы құны шамамен 4,5 миллиард долларды құрайды.
Қызметін жеке мақсатта пайдаланған
Тергеу мәліметінше, Цзэнбин ұзақ жылдар бойы қызметтік өкілеттігін жеке пайдасына пайдаланған. Ол пара алу арқылы түрлі кәсіпкерлердің, соның ішінде құрылыс саласындағы бизнес өкілдерінің мүддесін қорғаған.
Атап айтқанда:
-
белгілі жобаларға рұқсат берген немесе оларды тоқтатқан;
-
мемлекеттік келісімшарттар алуға ықпал еткен;
-
кәсіпкерлік қызмет түрлеріне лицензиялар берген.
2025 жылдың мамыр айында ол Қытай Коммунистік партиясынан шығарылған.
Өлім жазасы кейінге қалдырылды
Сот үкіміне сәйкес, Лоу Цзэнбинге өлім жазасы тағайындалғанымен, оның орындалуы екі жылға шегерілді.
Егер осы мерзім ішінде ол жаңа қылмыс жасамаса және құқық қорғау органдарына басқа қылмыстарды ашуға көмектессе, жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға немесе белгілі бір мерзімге түрме жазасына ауыстырылуы мүмкін.
Қызмет жолы
Лоу Цзэнбин мемлекеттік қызметтегі мансабын 1990 жылы бастаған. 1993 жылы Қытай Коммунистік партиясының мүшесі болған.
Хайкоу қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін ол Хайнань және Сычуань провинцияларында түрлі мемлекеттік және партиялық қызметтер атқарған.