Қытайда шахтадағы жарылыстан 90 адам қаза тапты
Қытайдың солтүстігіндегі көмір шахтасында болған жарылыс салдарынан 90 кенші қаза тапты. Бұл туралы Қытайдың орталық телеарнасы хабарлады.
Мәліметке сәйкес, апат Циньюань уезіндегі «Люшэньюй» көмір шахтасында болған. Жарылыс кезінде шахта ішінде 247 жұмысшы болған.
Алғашында 50 адамның қаза тапқаны хабарланғанымен, кейін бұл көрсеткіш 82-ге, артынша 90 адамға жеткені нақтыланды. Сонымен қатар 123 адам ауруханаға жеткізілген, тағы 33 жұмысшы медициналық көмектен бас тартқан.
Құтқарушылар шахтадан 150-ден астам адамды жер бетіне шығарған. Іздеу-құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Апаттан кейін Қытай билігі 755 құтқару және медициналық топты жұмылдырған. Мамандар зардап шеккендерге көмек көрсетіп, апат салдарын жою жұмыстарын жүргізуде.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, шахта Shanxi Tongzhou Group компаниясына тиесілі. Кәсіпорын жылына 1,2 млн тонна көмір өндіреді және газ деңгейі жоғары қауіпті шахталардың қатарына жатады.