Қытайдағы Әлем кубогында Дина Исламбекова мен Валерия Аксенова финалға өте алмады
Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан World Boxing ұйымының Әлем кубогында Қазақстан құрамасының екі боксшысы жартылай финалда жеңіліп, қола жүлдегер атанды.
Аса ауыр салмақта сынға түскен Дина Исламбекова жартылай финалда Өзбекстан өкілі Олтиной Сотимбоеваға қарсы шаршы алаңға шықты. Бұл қос боксшының биылғы үшінші кездесуі болды. Жекпе-жек қорытындысында төрешілер жеңісті бірауыздан өзбекстандық спортшыға берді – 0:5. Осылайша, Дина Исламбекова Әлем кубогының қола жүлдесін иеленді.
Ал 80 келі салмақта өнер көрсеткен Валерия Аксенова жартылай финалда Франция өкілі, әлем чемпионатының жүлдегері Давина Мичелмен қолғап түйістірді. Үш раундқа созылған тартысты кездесуде тәжірибелі франциялық боксшы басым түсіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Нәтижесінде Валерия Аксенова да турнирдің қола медалін иеленді.